10 қарашада Астанада Азаматтарды қабылдау орталығында Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар қатарында қызмет атқару барысында зардап шеккен және қаза тапқан әскери қызметшілердің ата-аналарымен Қорғаныс министрлігінің өкілдері кездесті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қабылдауға келгендерді Қорғаныс министрінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары вице-адмирал Серік Борамбаев қарсы алды. Сондай-ақ кездесуге тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің бастығы әділет полковнигі Тілеухан Басқожаев, Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Қайрат Үмбетов және басқа да күштік құрылымдардың өкілдері қатысты.

"Біз әрбір жағдайдың артында адам тағдыры тұрғанын түсінеміз. Әрбір әскери қызметшінің қазасы – біз үшін үлкен қайғы. Қорғаныс министрлігі және өзге де күштік құрылымдар мұндай қайғылардың алдын алу үшін барлық шараларды қабылдайды. Біз моральдық-психологиялық ахуалды бақылауды күшейтіп, командирлерді оқытамыз, жаңа профилактикалық әдістерді енгізудеміз, әскери психологтар институтын кеңейтіп жатырмыз. Бүгінде әрбір командирдің жауапкершілігі бұрынғыдан да жоғары", – деді Серік Борамбаев.

Армияда "Өмірді сақта" және "Заң және тәртіп" бағдарламалары енгізілуде, жасанды интеллект элементтері бар бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді. Ол дер кезінде күмәнді белгілерді анықтауға және қайғылы жағдайдың алдын алуға көмектеседі. Қазармалар мен қызметтік үй-жайларда бейнекамералар орнатылған, ал ата-аналар "Отбасымен бейнеқоңырау" сервисі арқылы аптасына сайын әскери қызметшілермен видеобайланысқа шыға алады.

Сонымен қатар қоғамдық ұйымдармен, соның ішінде Сарбаздар аналары комитетімен жұмыс жүргізілуде. Бұзушылықтар анықталған жағдайда командирлер жеке жауапкершілікке тартылады.

"Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери қызметшілердің ата-аналарымен ашық және құрылымды диалог жүргізуге дайын екенін растайды. Кездесу барысында айтылған барлық өтініштер тиісті рәсімдерге сәйкес мұқият қарастырылып, объективтілік, әділдік және заңдылық қағидалары негізінде шешім қабылданады", делінген министрлік хабарламасында.

Айта кетсек, 2025 жылғы 5 қазанда Алматы облысы бойынша департаменттің медициналық қамтамасыз ету бөлімшесінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің қатардағы жауынгері көз жұмды.