Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында интенсивті бақылауы бар мамандандырылған типтегі Республикалық психиатриялық аурухана қызметкерлерінің жалақысы туралы мәлімет берді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Аталған мекеме Алматы облысында орналасқан және сот шешімі бойынша психикалық ауытқуы бар, қоғамдық қауіпті іс-әрекеттер жасаған адамдарды мәжбүрлі емдеуге жіберетін елдегі жалғыз орталық болып табылады.
"Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2022 жылдың қарашасынан бастап аурухана қызметкерлеріне еңбек жағдайының зияндылығына байланысты қосымша төлемнен бөлек, ерекше жұмыс жағдайы үшін базалық жалақының 200 пайызы көлемінде үстемеақы төленеді", – делінген жауапта.
Мекеме қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы:
- дәрігерлер – 605 мың теңге,
- орта медициналық персонал – 320 мың теңге,
- санитарлар – 220 мың теңге.
"Қызметкерлердің жалақысын әрі қарай арттыру мәселелері бюджет саласы қызметкерлерінің еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру аясында, бюджет кірісін ескере отырып қаралады", – деді премьер-министр.
Айта кетейік, 2025 жылдың қаңтарында психиатриялық көмек көрсету стандарттары жаңартылған.