Түркістан облысы Сарыағаш қаласында полиция қызметкерлері көшеде ес-түссіз жатқсан адамға дереу көмекке ұмтылды. Ол энергетикалық сусын ішкеннен кейін есінен танып қалған, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Түркістан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полиция мәліметінше, полиция қызметкерлері Түркістан облысы Сарыағаш қаласында күнделікті қызметтік міндетін атқарып жүргенде жол жиегінде ес-түссіз жатқан ер адамды байқап, дереу көмекке ұмтылды.

Оқиға орнына жедел жәрдем шақырылғанымен, медициналық көмек дер кезінде жете қоймаған. Сол себепті учаскелік полиция инспекторлары Бақытжан Уәлиев пен Ералы Байдуллаев азаматты өздерінің қызметтік автокөлігімен ауруханаға шұғыл түрде жеткізген.

"Дәрігерлердің тексеруі нәтижесінде ер адамның энергетикалық сусын ішкеннен кейін өзін нашар сезініп, есінен танып қалғаны анықталды.

Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында азаматқа дер кезінде медициналық көмек көрсетіліп, аман қалды", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз