Шымкентте заңсыз әлеуметтік төлемдер бойынша қылмыстық іс тіркелді, деп хабарлайды қалалық прокуратураға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Құзырлы органның мәліметінше, әлеуметтік төлемдердің тағайындалу заңдылығына жүргізген талдау нәтижесінде У. есімді азаматшаның заңсыз іс-әрекеті әшкерленген.

"Талдау барысында аталған азаматша жеке кәсіпкерлердің электрондық цифрлық қолтаңба кілттерін пайдаланып, жүкті әйелдерді кәсіпорындарға жалған жұмысқа орналастырғаны анықталды.

Әрі қарай ол жүкті әйелдердің атына заңсыз түрде әлеуметтік төлемдерді рәсімдеп, белгіленген қаражатты өз қажеттілігіне жұмсаған.

Заңсыз іс-әрекеттің салдарынан мемлекетке 217 млн теңге көлемінде шығын келтірілген", — делінген хабарламада.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне әрі қарай тергеп-тексеру үшін жолданған.

Қазіргі уақытта істің мән-жайын толық анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз