Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы 58 жылдан кейін алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Су ресурстары және ирригация Министрлігінің баспасөз қызметінен.
Бүгінде ұзындығы 4 шақырымнан асатын Көшім су каналының жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Су қоймасының бөгеті 84%-ға жөнделді — шамамен 1,5 шақырым бөлігі қайта жаңартылды.
Су жіберу каналының жөндеу жұмыстары 69%-ға, ал Первомай магистральды каналының жөндеу жұмыстары 66%-ға орындалды. Су қоймасындағы бақылау-өткізу бекеттері мен электрмен жабдықтау жүйесінің құрылысы 80%-ға аяқталды.
Су ресурстары және ирригация министрлігі жыл соңына дейін Киров су қоймасындағы барлық жөндеу жұмысын толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Жобаның жүзеге асуы Киров су қоймасының сенімділігін арттырып, тұтынушыларға суармалы судың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Қайта жаңғырту жұмыстары нәтижесінде су қоймасының сыйымдылығы ұлғайып, жұмысы тиімдірек болады. Бұл Батыс Қазақстан облысындағы 12 мың гектардан астам жерді суаруға мүмкіндік береді.
Киров су қоймасы 1967 жылы пайдалануға берілген. Қойманың сыйымдылығы — 62,9 млн текше метр. Бұл нысан Урал-Көшім суару-суландыру жүйесінің құрамына кіреді.