ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті көлік құралдарын әкелу кезінде міндетті төлемдерді төлеу тәртібі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Заңнамаға сәйкес, көлік құралдарын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде келесі міндетті төлемдер төленуі қажет:

  1. Кедендік рәсімдеу үшін алым – 6 АЕК мөлшерінде (2025 жылы 22 152 теңге).
  2. Кедендік баж салығы – Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифіне сәйкес белгіленеді. Баж мөлшерлемесі көлік құралдарының шығарылған жылы, қозғалтқыш көлемі мен түріне байланысты және 0%-дан 18%-ға дейін өзгеруі мүмкін немесе кей жағдайларда өлшем бірлігіне байланысты нақты мөлшерде белгіленеді.
  3. Акциз – жеңіл автокөліктерге және негізінен жолаушы тасымалдауға арналған басқа да моторлы көлік құралдарына, қозғалтқыш көлемі 3000 текше см-ден асқан жағдайда алынады. Акциз мөлшерлемесі – 1 текше см үшін 100 теңге.
  4. Қосылған құн салығы (ҚҚС) – импорт көлемінің 12%-ы мөлшерінде.

Сонымен қатар, Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) қосылу шеңберіндегі міндеттемелеріне сәйкес көлік құралдарына төмендетілген кедендік баж мөлшерлемелерін қолдануға болатынын мәлімдеді.

Алайда, ДСҰ мөлшерлемелерімен рәсімделген көлік құралдарын Қазақстан аумағынан тыс жерлерге шығаруға болмайды.

Мемлекеттік кірістер комитеті сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларды белгіленген талаптарды сақтауға және көлік құралдарын әкелу кезінде міндетті төлемдерді уақтылы төлеуге шақырды.