Омар Жәлелдің бұрынғы жұбайы Ләззат Мырзаш күйеуін сотқа беретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Ләззат Мырзаш Омар Жәлелдің әлеуметтік желіде жариялаған жазбасынан кейін осындай шешімге келген.

«Таңертеңнен бері бәріңіз Омардың жазбасын жіберіп жатырсыздар. Сол постты оқып шықтым және өз сөзіне өзі жауап бере алмағаны, сондай-ақ балалары алдындағы жауапкершіліктен бас тартқаны үшін сотқа беруді ұйғардым. Өз балаларын, мен тоғыз ай көтеріп, өмірге әкелген ұрпақты, қадірлемегені үшін сотқа жүгінемін. Биыл — маскалар шешілетін жыл! Егер маған көмек бере алатын адвокаттар болса, жеке хабарласыңыздар немесе осында белгілеңіздер», — деді Мырзаш.

Бұған дейін Омар Жәлел әлеуметтік желіде тоқал алу тақырыбына қатысты өз ойын жазған еді.

«Менің айналамда тоқал алып, шын мәнінде оңған адамды көрген емеспін. Соның бірі — өзім. Көпшілік нәпсінің қалауын ұрпақ немесе отан сияқты ұғымдармен бүркемелейді. Ал ұрпақ қажет болса, бір әйелден де өрбітуге болады. Нәпсіңді тыйып, энергияңды шашпай ұстай білсең, ұрпақ жеткілікті болады», — деп жазды ол.

Ол тоқал алу бұрын қажеттілік болғанымен, қазір көбіне нәпсі мен мақтан үшін жасалатынын атап өтті.

«Бұрын бұл тақырыпты жиі қозғайтынмын. Айтқан нәрсең түбінде жүзеге асады екен. Сол кезде “ұрпақ керек” дегенді ұран еттік, бірақ берекені ойламадық. Нәпсімізді тоқтата алмадық. Бұл — менің ащы тәжірибем», — деді Жәлел.

Ол сондай-ақ бұл пікірінің кей ер азаматтарға әсер еткенін, сондықтан енді өз сөзінің салдарына жауап беріп отырғанын айтты.

«Кейбір жігіттер маған: “Сіздің тоқал туралы ойыңыз ұнайды” дейді. Бірақ олар оның арты неге апаратынын ойламайды. Мен қазір “тоқал алмаңдар” деймін. Өз тәжірибемнен айтып отырмын. Отбасының шырқын бұзбаңдар, алған жарларыңды қадірлеңдер. Ұрпақ керек болса, сол әйелдер-ақ туып береді. Ел алдында жүрген адам әр сөзіне жауапты. Мен қазір өз қателігімді мойындап отырмын», — деп түйіндеді Омар Жәлел.