Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) 2025 жылғы WTA маусымының қорытынды турнирінің финалдық матчы аяқталды.

Шешуші ойында Елена Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы, төрт дүркін «Үлкен дулыға» турнирлерінің чемпионы Арина Соболенконы (Беларусь) 6:3, 7:6 (7:0) есебімен жеңді. Осы жеңісінің арқасында Елена рейтингте 1500 ұпай жинап, әйелдер теннисі тарихындағы рекордтық жүлде – 5,235 миллион АҚШ долларын иеленді. Ал дүйсенбі, 10 қарашада жаңартылған әлемдік рейтингте ол бесінші орынға көтеріледі.

1972 жылы турнир алғаш ұйымдастырылғаннан бері Рыбакина WTA маусымдық қорытынды турнирін жеңіп алған Азия елінен шыққан тұңғыш теннисші атанды. Бұған дейін қытайлық Ли На (2013) мен Чжэн Циньвэнь (2024) тек финалға дейін жеткен еді.

Сондай-ақ қазақстандық спортшы 2016 жылдан бері маусым ішінде 500-ден астам эйс соққан алғашқы теннисші болды — бұл көрсеткішке соңғы рет Каролина Плишкова қол жеткізген. Бұдан бөлек, Елена биылғы маусымда әлемнің топ-10 ойыншыларына қарсы жеті матч қатарынан жеңіспен аяқтаған жалғыз теннисші атанды.

Қазір Рыбакина өзінің кәсіби мансабында жалпы 11 WTA атағын (оның ішінде екі WTA 1000 және бір «Үлкен дулыға» — Уимблдон жеңісі бар) иеленіп отыр. Осылайша, ол жеке разрядта мұндай жетістікке жеткен алғашқы қазақстандық теннисші болды.