Қазақстан мен ҚХР автотасымалдарға рұқсат беру бойынша шектеусіз жүйеге көшуге келісті, деп хабарлайды Көлік министрлігіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

2025 жылғы 5-6 қараша күндері "Қорғас" шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында еліміздің Көлік министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Көлік министрлігі өкілдерінің халықаралық автомобиль тасымалдары мәселелеріне қатысты кездесуі өткен.

Қазақстандық делегация құрамына ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің, "Қазақстан халық банкі" АҚ, "Ақпараттық-есептік орталық" АҚ және тасымалдаушылар қауымдастығының өкілдері кірген.

Келіссөздердің нәтижесінде тараптар келесі келісімдерге қол жеткізді:

  • 2025 жылғы 6-12 қараша аралығында қытай тарапы қазақстанға 15 мың рұқсат бланкілерін береді. Осылайша жеті күннің қорытындысы бойынша қазақстандық тасымалдаушылардың тәуліктік нақты қажеттілігі айқындалады. Алынған деректердің негізінде болашақта рұқсат бланкілері күн сайын берілетін болады.
  • 2026 жылдан бастап рұқсат бланкілерін сандық шектеусіз, яғни шексіз түрде беру жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Осылайша Қытайға электронды кезек жүйесі арқылы кіретін барлық көлік құралына ҚХР заңнамасын бұрын бұзбаған жағдайда, рұқсаттар автоматты түрде берілетін болады.

2024 жылы қазақстандық тасымалдаушылар 228 мың рұқсат бланкілерін пайдаланған, ал осы жылдың басынан бері 230 мыңнан астам қытайлық рұқсат бланкілері алынған және пайдаланылған.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз