Филиппинде 188 адамның өмірін жалмағае «Калмаеги» тайфуны бейсенбі кешке Орталық Вьетнамға жетті. Дауыл салдарынан 5 адам қайтыс болды.
Reuters-тің жазуынша, күшті желден ағаштар тамырымен жұлынып түсіп, үйлер бүлініп, электр жарығы өшкен.
Вьетнам билігі елдің солтүстік, орталық бөлігінде жауын-шашын 200 миллиметрге дейін жетеді деп болжады. Ал орталық және оңтүстік орталық бөліктерде өзен деңгейі көтеріліп, сел жүруі мүмкін.
Филиппинде ресми деректер бойынша, 135 адам хабар-ошарсыз кеткен, 96 адам жарақат алған.
Вьетнамның төтенше жағдайлар агенттігі жеті адамның зардап шеккенін және 2800 үйдің зақымданғанын хабарлады. 1,3 миллион адам жарықсыз қалды. Әлеуметтік желілерде шатырлары ұшып кеткен үйлер, су басқан көшелер мен құлаған ағаштардың видеолары тараған. Үкімет 268 мыңнан астам әскерді іздестіру-құтқару жұмысына жұмылдырды. Сел ауыл шаруашылығына, оның ішінде негізгі кофе өсірілетін аймаққа да қауіп төндіріп тұр.
Филиппин азаматтық авиациясы барлық аймақтық орталықтар мен әуежайларды келесі тайфунға дайындап жатыр. «Фунг-Вонг» супер тайфуны болжам бойынша Солтүстік Филиппинге жексенбі кешке немесе дүйсенбі таңертең жетеді.