5 қарашадан бастап Павлодар облысында "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Іс-шараның негізгі мақсаты – заңсыз көші-қонға қарсы күресті күшейту және көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету.

Алғашқы тәуліктің өзінде-ақ полиция қызметкерлері қабылдаған шаралардың нәтижесінде Қазақстан Республикасында болу ережелерін бұзған 47 шетелдік азамат анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде алыс шетелдердің 3 азаматы және ТМД елдерінің 44 азаматы бар.

Сонымен қатар шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланудың 8 дерегі тіркелді, 5 шетел азаматы елден шығарылды.

Полиция қызметкерлері 33 әкімшілік материалды сотқа жолдады. Мысалы көші-қон полициясы Қазақстанда болу мерзімін бұзған алыс шетелдердің үш азаматын анықтады.

Сондай-ақ көршілес елдің екі азаматы тиісті рұқсатсыз дәмханада еңбек қызметін атқарғаны үшін жауапкершілікке тартылды. Ал шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланған жұмыс беруші жауапқа тартылды.

Айта кетейік, "Заңсыз келуші" жедел-профилактикалық іс-шарасы 9 қарашаға дейін жалғасады. Полиция облыс тұрғындары мен қонақтарын миграциялық заңнаманы сақтауға және заңсыз көші-қонға жол бермеуге шақырады.