Air Astana әуе компаниясы Boeing компаниясымен 787-9 Dreamliner ұшағын жеткізу туралы келісімге қол қойғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Air Astana мәліметінше, бұл – компания тарихындағы ең ірі тапсырыс. Келісім 5 нақты расталған ұшақты, 5 опцион мен 5 қосымша сатып алу құқығын қамтиды. Мәміле Директорлар кеңесі тарапынан мақұлданған, қазір компания қажетті корпоративтік рәсімдерді аяқтап жатыр.
Бұл тапсырыс 2026–2027 жылдары жеткізілуі жоспарланған үш Boeing 787-9 ұшағына арналған бұрынғы келісімді толықтырады. Осылайша, жалпы жоспарланған ұшақ саны 18-ге жетеді. Жаңа ұшақтар 2032–2035 жылдар аралығында жеткізіледі. 18 Boeing 787-9 ұшағының (қозғалтқыштарымен бірге) жалпы каталогтық құны шамамен 7 миллиард АҚШ долларын құрайды.
"Air Astana алдағы онжылдықта Орталық Азия мен Кавказдан Азияға, Еуропаға және әлемнің басқа өңірлеріне бағытталған әуе қатынасын кеңейту стратегиясын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Келесі жылы алғашқы Boeing 787-9 Dreamliner ұшағын алу — компания дамуының жаңа кезеңін бастайды. Dreamliner заманауи жайлы салонымен, отын үнемділігімен және әртүрлі қашықтықтағы бағыттарда тиімді пайдаланылу мүмкіндігімен ерекшеленеді. 18 ұшақтан тұратын бұл парк жолаушыларға қызмет көрсету мен жайлылықтың жаңа деңгейін қамтамасыз етеді", — деді Air Astana компаниясының бас атқарушы директоры Питер Фостер.
Бұған дейін Тоқаев пен Трамптың келіссөз жүргізгенін жазғанбыз.