Алматыда 2019 жылы болған Bek Air ұшағының апатына қатысты сот үкімі жарияланды. Әуе апатынан бері алты жыл өтті.

Іс бойынша айып тағылғандар – ұшқыштар Марат Мұратаев пен Миржан Молдақұлов. Тергеу олардың әуе көлігін пайдалану ережелерін бұзып, екі және одан да көп адамның өліміне себеп болды деген қорытындыға келген (ҚР ҚК 344-бабының 3-бөлігі).

Сот екі ұшқышты да кінәлі деп таныды, алайда олардың апат кезінде қаза болуына байланысты жаза қолданылмайды.

Сондай-ақ, сот шешімімен Bek Air компаниясының ұшақтары мен өзге де мүлкіне тыйым салынды.

Апат 2019 жылғы 27 желтоқсанда Алматы – Астана бағыты бойынша ұшып шыққан Fokker-100 ұшағының әуеге көтерілгеннен кейінгі бірнеше минутта жерге құлауынан болған. Әуе кемесінде 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Оқиға салдарынан 13 адам қаза тауып, ондаған адам жарақат алды.

Еске салайық, 2020 жылы Bek Air әуе компаниясының қызметі толық тоқтатылған болатын. Ал 2021 жылы апат болған аумаққа жерді заңсыз беру ісі бойынша сот үкімі шықты. Бұл іс бойынша бес бұрынғы шенеунік пен бір риелтор сотталып, оларға 2,5 жылдан 4 жылға дейінгі мерзімде түрлі жаза тағайындалды.