Түркістан облысында бір топ адамға оқ атқан күдіктілердің бірі ұсталып, қамауға алынды. Ал екінші қаскөйге полицейлер іздеу жариялаған, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға екі күн бұрын Түлкібас станциясында болған. Түнде көшеде сөйлесіп тұрған бірнеше адамға бетін бүркеген бейтаныс біреулер қарудан оқ жаудырған. Қарулы шабуылдан сол жерде 17 жастағы жасөспірім опат болды. Тағы үшеуі ауруханаға жеткізілген.

КТК телеарнасының хабарлауынша, қарулы шабуыл Түлкібас стансасындағы кеңсенің алдында болған. Бес-алты жігіт сөйлесіп тұрған кезде көлік келіп тоқтап, ішінен шыққан екі жігіт еш ескертусіз оқ жаудырған. Мұны көргендер алғашында "отшашу деп ойладық" дейді.

"Бір жігіт жүгіріп келді, мына бұрыштан, үстінің бәрі көрінбейді. Маска киген. Ата бастады, мен салют екен деп ойладым. Бес-алты рет атылды, кейінгісі қатты атылды да, салют екен дедім. Жігіттерге пранк жасап жатыр деп ойлағам" Динара Бейсенбаева

Өкінішке қарай, пранк емес, қарулы атыстан 17 жастағы жасөспірім сол жерде көз жұмды. Тағы үшеуі аудандық ауруханаға жеткізілген. Науқастардың бірі амбулаториялық емге жіберілсе, 30 және 22 жастағы екі жігіт әлі емделіп жатыр. Оқ тиген үш науқастың да денесінен бытыра түгел алынбаған.

"Стационарға түскен науқастың санына, балтырына, табанына оқ тиген. Екінші науқастың тек табанына, терісінде жарақат бар. Бәрінде бытыра. Науқастардың жағдайы тұрақты. Емі хаттамаға сәйкес тазаланды". Түлкібас ауданы ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Жансұлу Ақылбаева

Оқ тигендердің барлығы Түлкібас ауданына қарасты Көктерек ауылының тұрғындары. Оларға неліктен қастандық жасалғаны туралы тұщымды мәлімет жоқ. Сондықтан ел арасында түрлі алып-қашпа әңгіме тарап жатыр.

"Бір аудан мен тағы бір ауданның балалары бір-бірімен текетірескен деп естідік. Біреуі Түлкібас, біреуі Беловод, Сайрам ауданы. Ерегескенде, араларында отырыста болған сөз болған шығар, білмедім. Сондай қауесет бар. Студенттер, мына балаларды атқанда шатасып атып тұр, бұл балалар емес, атқан да, қашып кеткен. Жазықсыздан жәбір шегіп тұр". Бибайша Байымбетова
"Студент балалар деп естідім, болды, атқандар, иә. Шымкенттен келді деген әңгіме естідім. Қорқып қалдық, енді көшеде жүруге қорқамыз. Зорға келдік, амал жоқ, дәрі керек болғаннан кейін". Жұлдыз Күзембаева

Қазір Түлкібаста тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Қастандық жасағандардың біреуі ұсталып қамауға алынғанымен, екінші күдікті әлі іздестіріліп жатыр. Полиция олардың жеке басын анықтадық деп отыр.

"Осы факті бойынша адам өлтіру бабымен қылмыстық істер қозғалды. Осы жайттар мен қылмыскерлердің орналасқан жерін әшкере етуге бағытталған іс-шара жүргізіліп жатыр". Түркістан облысы ПД бастығының орынбасары Бауыржан Зиятаев

17 жастағы студенттің денесі жер қойнына кеше тапсырылды.