2026 жылы Қазақстанға Ресейден 3-4 жолбарыс әкелу жоспарланып отыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен брифингте Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Тұрғамбаевтың айтуынша, елімізде түрлердің бұрынғы тарихи мекендерінде жойылып кеткен популяцияларын қалпына келтіру бағытында шаралар қабылданып жатыр. Ең ауқымды бастамалардың бірі – жолбарысты Қазақстан табиғатына қайтару жобасы.
2018 жылы жалпы аумағы 415 мың гектардан асатын "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерваты құрылған. Онда тоғайлы ормандарды қалпына келтіру және аумақты қорғау мен бақылау инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілген.
"3,5 гектар аумақта жолбарыстарға және қабандарға арналған вольерлер, ветеринариялық пункт салынды. 2024 жылғы күзде Нидерландтағы Hoenderdaell хайуанаттар бағынан "Іле-Балқаш" резерватына екі жолбарыс жеткізілді.
Қазіргі уақытта олар тәулік бойы мамандардың бақылауында. Келешекте жолбарыстан ұрпақ алғаннан кейін олар спутниктік бақылаумен табиғи ортаға жіберіледі деп жоспарланған.
Ал ата-аналық жұп ғылыми және ағартушылық мақсаттарда визит-орталық жанындағы вольерде қалады. 2026 жылы Ресейден 3-4 жолбарысты әкелу жоспарланған", — деді спикер.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз