Алматы қаласында Президенттің "Таза Қазақстан" бастамасы аясында абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин аудан аумағында атқарылып жатқан шаралар туралы айтты.
Әкімнің сөзінше, аулалар мен көшелерді, саябақтар мен қоғамдық аймақтарды тазалау — тұрғындарға қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастырудың негізгі бөлігі.
"Ауданымызда тазалық бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Мақсатымыз – әр тұрғын үшін таза әрі жайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыру", – деді Арман Шамшин.
Қазір ауданның көше-жол желісін санитарлық тазалау жұмыстарымен үш мердігер компания айналысады. Олардың қызмет көрсету аймағы 186,6 шақырым жолды және 3,6 млн шаршы метр аумақты қамтитын 110 көшені құрайды. Бұл жұмыстарға 340 адам мен 162 арнайы техника жұмылдырылған.
Тұрғындардан келіп түсетін өтініштерге жедел жауап беру үшін тәулік бойы кезекшілік ететін үш мобильді топ жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, Алмалы ауданында 861 аула аумағы бар. Олар 425 учаскеге біріктірілген және жалпы ауданы 3 млн шаршы метрден асады. Бұл аумақтарда бес мердігер ұйымның 345 қызметкері мен 45 техникасы еңбек етеді.
Ауданның балансында 22 алаң, 1 саябақ, 5 бульвар және 20 жасыл аймақ бар. Мұнда күн сайын 113 жұмысшы мен 25 техника тазалық жұмыстарын атқарады.
Мердігер ұйымдар:
"Get Target" ЖШС – Назарбаев, Абай, Байзақов және Райымбек көшелері аралығында қызмет көрсетеді. Бұл аймақта 16 алаңқай, 4 бульвар, 13 жасыл аймақ бар. Тазалыққа 63 қызметкер мен 15 техника жауапты.
"Самғау Групп" ЖШС – Байзақов, Абай, Сайран және Райымбек көшелері аралығында жұмыс істейді. Мұнда 1 парк, 6 сквер, 1 бульвар мен 7 жасыл аймақ бар. 50 қызметкер және 10 техника жұмылдырылған.
Жыл басынан бері аудан аумағында "Таза Қазақстан" бастамасы аясында 62 экологиялық акция ұйымдастырылып, нәтижесінде 5 350 текше метрден астам қоқыс шығарылған.
Акцияларға аудан тұрғындары, депутаттар, еріктілер, жастар ұйымдары, бизнес өкілдері, коммуналдық қызмет пен білім және медицина ұйымдарының ұжымдары белсенді қатысты.
"Апта сайынғы сенбіліктер жақсы дәстүрге айналды. Алмалы тұрғындары тазалық акцияларына белсене қатысып, қаланың көркеюіне өз үлесін қосып келеді", – деп атап өтті аудан әкімі.
Алмалы ауданында абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары жыл бойы үздіксіз жүргізіледі.