Минск қаласындағы Беларусь Ұлттық кітапха­насында ТМД, Индонезия, Мали, Мьянма, Оман, Палестина , Сербия, АҚШ, Того және Түркия елдері өкілдерінің қатысуымен Жеңістің 80 жылдығына арналған «Кітапхана – мәдениет феномені» атты ХІІ халықаралық конгресс өтті.

Іс-шараға Мәдениет және ақпарат министр­лігінің Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры, PhD Жандос Болдықов қатысып, «Ұлы Жеңіс қаһармандары. Бауыржан Момышұлы шығармаларындағы соғыстың адамдық қыры» тақы­рыбында баяндама жасады.

Конгресс аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлт­тық орталығы мен Беларусь Ұлттық кітапханасы арасын­да өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалды.

Меморандум аясында тараптар мәдени алмасуды кеңейтіп, кітапхана ісі мен оған қатысты салаларда ынтымақтастықты дамытуға келісті. Сондай-ақ кітапхана құжаттары мен ақпараттық ресурстарды бөлісу, цифрландыру, библиография және ғылыми ақпарат салаларында бірлескен жобаларды іске асыру жоспарланған.