Еттің құны енді өспейді. Қазірдің өзінде баға тұрақты әрі жақын арада қымбаттауы екіталай. Мұндай мәлімдемені ауыл шаруашылығы министрі жасады, деп хабарлайды "КТК" арнасы.

Айдарбек Сапаровтың айтуынша, бұған дейін ет бағасының қымбаттауына шетелдік сұраныстың артуы себеп болған. Қазір бұл үрдіс тоқтап, жағдай тұрақталыпты.

Дәл осындай себеппен былтыр картоп та қымбаттаған. Биыл картоп өнімі 3 миллион тоннаға көбейіп, көкөніс, бидай және бақша дақылдары да мол жиналды дейді ауыл шаруашылығы министрі.

Елде азық-түлік қоры жеткілікті. Енді өңір әкімдіктері тұрақтандыру қорын дер кезінде толықтырып, қыс пен көктемде тапшылықты болдырмауға тиіс. Бұл базар мен дүкендердегі бағаны ұстап тұруға мүмкіндік береді деп отыр министр.

"Былтыр баға көтерілгенде, өздеріңіз білесіздер, сұраныс шет мемлекеттерден болып, баға көтеріліп кетті. Шынында болмаған экспорт, тағы да қайталап айтайын, 600 мыңнан артық эскпорт болды. Сондықтан біз ішкі нарықты жаба бастадық. Ал енді соны біле тұра, біз биыл картоп салатын жерді көбейтіп, қосымша 2 млн 900 мың тонна картоп алып отырмыз", — дейді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Дереккөз: "КТК" арнасы

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз