2025 жылдың 28 мамырында Ауыл шаруашылығы министрлігі ресми мәлімдеме таратты. Онда олар шегірткелердің жаппай әрі бақылаусыз таралуы туралы ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ведомство таратқан ақпаратқа сүйенсек, 2025 жылы ел аумағында шегірткелердің таралу көлемі 2,1 млн гектарға дейін жетуі мүмкін деп болжануда. Қазіргі уақытта 14 өңірде 596,3 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары жүргізілді.
"Жұмыстар жоспарға сәйкес, штаттық режимде жүргізілуде. Оларды Ауыл шаруашылығы вице-министрлері, Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің өкілдері, сондай-ақ өңірлерде құрылған жедел штабтар бақылауда ұстап отыр",- делінген ақпаратта.
Мәселен, министр Айдарбек Сапаров Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарындағы ахуалды жеке бақылауына алған.
Күрес шараларына 443 арнайы бүрку техникасы жұмылдырылып, зерттеу жұмыстарына 4 625 маман тартылған.
"Қажетті техника мен препараттар жеткілікті",- деп мәлімдеді АШМ.
Мұнымен қоса, ведомство желідегі қауесетке де пікір білдірді.
Мамандар интернет кеңістігінде және бұқаралық ақпарат құралдарында шегірткелердің жаппай әрі бақылаусыз таралуы туралы шындыққа сәйкес келмейтін хабарламалар мен бейнематериалдар тарап жатқандығын атап өтті.
"Мұндай ақпараттар шынайы жағдайға және зиянкестердің даму сатысына сәйкес келмейді". Ауыл шаруашылығы министрлігі
Бұл ретте, министрлік жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін еске салды.
"Ақпаратты тек ресми дереккөздерден — Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктерінің ресми ресурстарынан алуға шақырамыз. Тексерілмеген мәліметтерді жариялаудан және әдейі жалған ақпарат тарату әрекеттерінен бас тартуға үндейміз". АШМ баспасөз қызметі
Бұған дейін енді қазақстандықтардың Катарда заңды түрде жұмыс істей алатындығы хабарланған болатын.