Алматыда 2024 жылғы қаңтардағы жойқын жер сілкінісі кезінде дабыл құрылғыларының неліктен іске қосылмағаны белгілі болды. Ерте ескерту жүйелерінің жұмыс істемегені үшін қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің 3 қызметкері сотталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы бүгін, 2025 жылғы 3 қарашада қала прокуратурасы мәлімдеді.

Ведомство 2024 жылғы 23 қаңтарда Алматы қаласында жер сілкінісі орын алғанын еске салды.

"Алайда, бұрын сатып алынған автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесі (ААЕЖ) өз деңгейінде жұмысын атқармау салдарынан халық уақтылы хабарланбаған. Мемлекет Басшысының және Бас Прокурордың тапсырмасына сәйкес Алматы қаласының прокуратурасы Алматы қаласы бойынша төтенше жағдайлар департаментінің қызметіндегі аталған жүйені сатып алудың заңдылығына тексеру жүргізіп, тексеру нәтижесінде бюджет қаражатын жымқыру белгілері анықталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды",- делінген ақпаратта.

Прокуратура мәліметінше, тергеу барысында "TNS-INTEC" ЖШС бас директорының жеке пайда табу ниетімен сапасыз жабдықты жеткізіп, орындалған жұмыстардың жалған актілерін рәсімдегені және осылайша аса ірі мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды.

Аталған қылмыстық іс бойынша Алматы гарнизонының әскери соты үкім шығарды.

"Жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқаны үшін Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары, сонымен бірге, жеткізілген жабдықтың сапасы мен сәйкестігіне тиісті бақылау жүргізбеген авторлық және техникалық қадағалау өкілдері қылмыстық жауаптылыққа тартылды",- деп мәлімдеді ведомство.

Сот барлық айыпталушыларды кінәлі деп танып, оларды бас бостандығынан айыру және мемлекеттік әрі квазимемлекеттік органдарда белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұған дейін Ауғанстанда тағы да жойқын жер сілкінісі тіркеліп, зардап шеккендердің үйінді астынан шығарылып жатқанын жазғанбыз.