Астанада футбол алаңында болған ұрлық дерегі бойынша полицейлер күдіктіні қолға түсірді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Оқиға кезінде жасөспірімдер футбол ойнап жүрген сәтте жеке заттарын алаңда қалдырған. Сол мүмкіндікті пайдаланған 24 жастағы қала тұрғыны олардың бірінің қымбат ұялы телефонын ұрлап кеткен.
Тергеу барысында күдіктінің спорт алаңы бейнебақылау жүйесімен жабдықталмағанын біліп, әдейі сол жерді таңдағаны анықталды. Дегенмен полиция қызметкерлерінің жедел іс-қимылы нәтижесінде оның жеке басы анықталып, ұсталды.
Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар оның басқа да осындай қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Полиция азаматтарға қоғамдық орындарда және белсенді демалыс кезінде жеке мүліктерін қараусыз қалдырмауды ескертеді.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, мүлікке ұқыпты қарау – ұрлықтың алдын алудың ең тиімді тәсілі.