Әлеуметтік желіде Астанада түнгі рейд кезінде полиция қызметкерлері мас күйінде көлік басқарған судьяны ұстағаны туралы ақпарат тарады. Елордалық полиция департаментінің өкілдері оқиғаға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Письма президенту Telegram-каналында Астанада полицейлер тексеру барысында көлікті мас күйде басқарған азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соттың судьясын тоқтатқаны туралы ақпарат пайда болды. Оған қоса азаматшаның жүргізуші куәлігі жоқ екені хабарланды.

KAZ.NUR.KZ оқиғаның мән-жайын анықтау үшін елордалық полиция департаментіне жүгінді.

"Патрульдік полиция қызметкерлері Mazda маркалы автокөлігін тоқтатып, жүргізушінің жағдайына күмән келтірген. Медициналық сараптама нәтижесінде әйелдің алкогольдік мас күйде болғаны дәлелденді. Автокөлік коммуналдық тұраққа қойылып, тексеру жүргізіліп жатыр. Көлікті мас күйінде басқару – заңның өрескел бұзылуы және айналадағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Мұндай құқықбұзушылықтар қатаң түрде тоқтатылады", — делінген хабарламада.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз