2025 жылғы 1 қарашада Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Саят Пшембаевқа ТЖМ құрмет грамотасы мен бағалы сыйлық табысталды. Ол 14 қабатта биіктен секірмек болған қызды құтқарған болатын, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұған дейін әлеуметтік желіде көпқабатты тұрғын үйдің терезесінің жақтауына шығып алып, секіретінін айтқан бойжеткеннің видеосы тараған болатын. Саят Пшембаев өз өмірін қатерге тіге отырып, қайғылы оқиғаның алдын алды: ол тұрғын үйдің 14-қабатында қауіпке тап болған қызды құтқарып қалды. Оның батыл да жедел әрекетінің арқасында адам шығынына жол берілмеді.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен Саят Пшембаев қызметтік міндетін атқару барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін наградталды.

Министр құтқарушының іс-әрекеті батылдық пен кәсібиліктің үлгісі екенін атап өтті:

"Мұндай әрекеттер құтқарушының шынайы таңдауын көрсетеді, олар ең қиын сәтте адамдардың жанынан табылып, өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігеді. Адамдарды құтқаруды өмірінің мәні деп білетін қызметкерлерімізді біз мақтан тұтамыз", – деді Шыңғыс Әрінов.

Айта кетсек, аталған оқиға 30 қазанда Иманбаев көшесіндегі "Алмалы"тұрғын үй кешенінде болған.