Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері арнайы іс-шара барысында Орал – Атырау тас жолында Казталов ауданының тұрғыны басқарған Toyota Camry автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көліктің жүксалғышынан өзен шаяндары салынған 10 қап табылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Полиция мәліметінше, олардың тиісті рұқсат құжаттары болмаған.

Сондай-ақ Орал қаласында жүргізілген тағы бір рейд барысында полиция қызметкерлері Lada Granta автокөлігін тоқтатты. Тексеру кезінде көліктің ішінен тиісті құжаттарсыз түрлі тұқымды — шортан, табан және сазан балықтары салынған үш қап тәркіленді.

"Аталған деректер бойынша қазіргі уақытта тиісті тергеу амалдары жүргізілуде" делінген 2025 жылғы 1 қарашадағы полиция хабарламасында.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, балық және басқа да су биоресурстарын заңсыз аулау әрекеті үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылатынын ескертеді.

Айта кетсек, Ауылшаруашылығы министрі 2025 жылғы 22 қазандағы бұйрық шығарып, балық аулауға тыйым салынған уылдырық шашу кезеңін, сондай-ақ балық аулауға тыйым салынған су айдындарын және (немесе) учаскелерде су көлігі қозғалысының ережелерін бекітті.