2025 жылғы 28 мамырда Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша басты сот отырысы жалғасты, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сотта Өмірбек Жолымбетов жауап берді. Ол оқиға кезінде Алматы облысы бойынша Сот-медициналық сараптама зертханасында сот-медицина сарапшысы қызметін атқарған. 30 жылдық жұмыс өтілі бар. 2024 жылғы 9 қазанда сарапшы Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесін зерттеген.
Оның айтуынша, Ғайыпбаевтың денесінде көптеген жарақаттар, сызаттар және қанталаулар болған: басында, қолдарында, аяқтарында және кеуде тұсында. Олар доғал қатты заттардың әсерінен, сондай-ақ шаншып-кесетін заттардың әсерінен пайда болуы мүмкін.
Айыпталушылардың адвокаттары өткір затпен салынған жарақаттар туралы сұрады. Сарапшының айтуынша, зардап шегушінің денесінің оң жақ бөксе аймағында мұндай үш жарақат болған.
"Мен денені оқиғадан жеті күн өткен соң зерттедім. Ол кезде жаралар жазылып, қабыршақтанып келе жатқан. Анатомиялық тұрғыда: бөкседегі жара жолының тереңдігі 0,5-тен 1 см-ге дейін болуы мүмкін. Үш шаншып-кесілген жара қиғаш-тік бағытта болған, бір-біріне жақын орналасқан. Бұл жарақаттар бір затпен қысқа уақытта – бірнеше секунд ішінде салынған. Ғайыпбаев шабуылдаушыға арқа жағымен тұрған немесе соған ұқсас қалыпта болуы мүмкін. Шаншып-кесілген жаралар есінен тануға себеп бола алмайды. Жарақаттардың сипаты жеңіл болған, олар мүгедектікке әкелмейді және уақыт өте келе өздігінен жазылып кетер еді", – деді Өмірбек Жолымбетов.
Медициналық құжаттардағы мәліметтерге сәйкес, терапевт қарағаннан кейін Ғайыпбаевқа келесі диагноз қойылған:
- жабық бас-ми жарақаты,
- ми шайқалуы,
- маңдай бөлігінде жұмсақ тіннің соғылуы және сызат,
- шүйде бөлігінде гематома,
- кеуде қуысы ағзаларының жабық жарақаты,
- екі шынтақ буыны аймағында жұмсақ тіндердің соғылуы,
- оң жақ бөксе аймағында көптік шаншып-кесілген жара,
- тізе буынының жұмсақ тіндерінің соғылуы.
Бұған дейін тәуелсіз сот-медициналық сарапшы Тахир Халимназаров Шерзат Полаттың өліміне себеп болған жарақаттарға қатысты сотта жауап берген болатын.