Соңғы бір жылда Қазақстанның бірқатар қалаларында тұрғындар саны азайып жатыр . Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, республикалық және облыстық маңызы бар 42 қаланың жартысында халық саны кеміген.

Бұл үрдіс тек демографиялық емес, сонымен қатар әлеуметтік-экономикалық және әкімшілік өзгерістермен де байланысты. Әсіресе Қонаев, Семей және Байқоңыр қалаларында халықтың азаюы айтарлықтай байқалады. Ал елорда іргесіндегі Қосшы қаласы керісінше, өсім бойынша алда келеді. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.

2024 жылғы 1 сәуір мен 2025 жылғы 1 сәуір аралығында Қазақстандағы республикалық және облыстық маңызы бар қалалардың жартысында халық саны азайған. Ұлттық статистика бюросының соңғы мәліметіне сәйкес, 42 қаланың 20-сында тұрғындар саны кеміген. Бұл деректерге туу, өлім, көшіп келу мен кету сияқты факторлар енгізілген.

Халық саны ең көп азайған қала — Қонаев. Мұнда тұрғындар саны бір жылда 8,2%-ға төмендеп, 65,9 мың адамға жеткен. Алайда бұл жерде бір маңызды жайт бар. 2023 жылдың соңында Қонаев қаласының құрамынан екі ауылдың бөлініп шығуы ресми статистикада кешірек көрініс тапқан. Бұл да динамикаға әсер етуі мүмкін.

Қонаевтан кейінгі орында — Семей қаласы. Онда халық 5,1%-ға азайып, қазіргі таңда 314,1 мың адам тұрып жатыр. Үшінші орында — Байқоңыр. Мұнда бір жылда халық 3,6%-ға қысқарып, 32,4 мың адам қалған.

Басқа қалаларда халық санының азаюы 2%-дан аспайды. Тек Приозерск, Курчатов және Арқалық қалаларында ғана бұл көрсеткіш 2,3-2,7% аралығында. Бұл үш қалада барлығы 57,7 мыңдай адам тұрады.

Ал халық саны ең көп өскен қала — Қосшы. Елорда іргесіндегі бұл қалада тұрғындар саны бір жылда 8,3%-ға артып, 61,5 мың адамға жеткен. Қосшыға қала мәртебесі 2021 жылдың шілдесінде берілген еді.

Өсу қарқыны бойынша екінші орында — Астана (+6,9%). Бүгінде елордада 1,55 миллион адам тұрады. Одан кейін Түркістан келеді: +4,4%, яғни 240,3 мың адамға жеткен.

Ең ірі мегаполис Алматы да өсім көрсеткен. Тұрғындар саны 2,7%-ға артып, 2,3 миллионға жетті. Сол сияқты Шымкентте де халық саны дәл осы қарқынмен өсіп, 1,26 миллион адамға жеткен.

Айта кетейік, бұл талдау республикалық және облыстық маңызы бар қалаларға ғана қатысты. Аудандық маңызы бар қалалар есепке алынбаған. Сонымен қатар, жақында ғана құрылған Алматы облысындағы Алатау қаласы да статистикадан тыс қалды, себебі оған қатысты салыстырмалы деректер әзірге жоқ.