Екі мыңыншы жылдардан кейін әдебиетке келген буынға шынайы болмысымен , ақеділ пейілімен жанашыр болған Дидағам, қазақтың қарымды қаламгері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Дидахмет Әшімханұлы туралы бір естелік жазуды көптен бері ойлап жүрген едім. Бірақ алаш жұртының әдебиеті мен журналистикасында өшпес із қалдырған қаламгер хақында жазуға отырғанымда түрлі ойлар жан-жақтан қаумалап, оның бәрін қағазға ақтара төгудің әсте мүмкін еместігін білгенде ішімде бір өкініш аунап түскендей болды.
«Өмірде жаман адам жоқ»
«Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Жер аңсаған сары атан», «Самырсын сазы», «Сары самауыр», «Зауал», «Жынды жел», «Құдайсыздар», «Ақшоқы» секілді классикалық туындылармен барша жұртқа кең танылған, Джек Лондон мен Джон Голсуорси сияқты әлем әдебиетінің алыптарын ана тілімізде сөйлеткен Дидахмет Әшімханұлымен алғаш «Баспалар үйінің» алтыншы қабатында, «Түркістан» газетінің редакциясында таныстық. Сол жолы Дидағам әлдебір сұхбатымызды ұнатып, «қолында қаламы бар бала ғой» деп, ағалық құшағын айқара ашыпты. «Жылуы көптің жанын жібіткен аға ғой» деп, біз де он жылдан аса уақыт іні болыппыз. Қатардағы жай іні емес, туған баласы Дәулеттей Дидағаның әкелік махаббатын сезіппіз. Бүгін ойлап отырсам, сол тұста әдебиет пен журналистиканың есігінен имене кірген жас буынның біразының қиялына Дидағам қанат бітіріпті, айналаға шуақты көзбен қарауды үйретіпті.
Өмір болған соң, адамның басынан түрлі оқиғалар өтеді, жылайсың – күлесің, қайғырасың – қуанасың, құлайсың – тұрасың, тоқтайсың – жүресің, дос боласың – жауласасың! Тіпті пенде баласының бойында бір адамды жаратпау, иә әлдебір болмашы себеппен жауласу деген мінез де болады ғой. Кез келген жан жек көретін адам жайлы жағымсыз пікір айтып қалуы да мүмкін. Дидағаңның соңынан ерген жылдары жастықтың желігімен аумалы-төкпелі көңіл күйді ауыздықтай алмай, жанға жақпайтындар хақында ішкі ойымызды ақтара салар сәт көп болушы еді. Мұндайда Дидағам сол адамның жақсылықтарын жіпке тізіп, санамалап беретін! Сосын, жаңа ғана жаратпай отырған адамды қайтіп жақсы көріп кеткенімізді білмей қалатынбыз.
Жалпы, пенделікті болдырмаудың жалғыз жолы – жақсы ойлау. Аға артына ерген шәкірттеріне ылғи да «Жамандық өзі-ақ тез таралады, сендер жақсы жағын айтыңдар, көлеңкелі жағын көрмегендей болыңдар» деп жүріп, «жақсы ойлаудың» жолын нұсқапты. Қазір қандай орта болмасын, біреу жайлы жағымсыз ой айтылса, біз де аға үлгі еткен жолмен әлгі азаматтың жамандығын жасырып, жақсылығын асыруға тырысатын болғанбыз. Десе де ол кісі сынды кез келген ортаның атмосферасын игілікке бұрып жіберу қолдан келмейді. Есесіне ағаның осы мінезі санамызға «бұл өмірде жаман адам жоқ» деген ұғымды сіңіріп тастағанына – мың мәрте шүкір.
«Есте қалар бірауыз сөз айт...»
Осыдан он шақты жыл бұрын Дидағамен болған елеусіз бір әңгіме, сол мезетінде айтыла салған жанама сөз жылдар керуені жалт беріп жалын ұстатпай кеткен соң салмағы атан түйеге жүк боларлық ой тудырып жататынына таңданбауға шара жоқ. Мәселен, кейде мінберлерден ауыздығымен алысқан «езбе шешендерді» көргенде ағаның қорғасындай ауыр жалқы сөзін сағынамыз.
2014 жылдың қысында Алматыдағы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда Бердібек Соқпақбаевтың 90 жылдық мерейтойының қорытынды жиыны өтіп, сахнаға небір дөйлер шығып, классик жазушы хақында естеліктерін айтып жатты. Тіпті классиктің арқасынан қаққан болып, тобықтан тепкен жайт та төбе көрсетіп қалды. Кенет кезекті сөз Дидағама берілді. Аға әдеттегі жараған аттай шапшаң жүрісімен сахнаға жүгіріп шығып, бірауыз сөз айтты да, кері қайтты. Сол жалқы ауыз сөзімен залдағылардың жағасынан ұстап тұрып жұлқып қалғандай естерін жиғызды. Бердібектің көзін көрген, тіпті оны тірлігінде көзіне де ілмеген ата буын есеңгіреп, өздерін тірі Бердібек санайтындар нокдаун алды. Ал Бердібек болмаққа үміттілер ағаның сол күнгі «Осы залда қаншама қаламгер отырмыз. Бәріміз жабылып жүріп, Қожа сынды өміршең бір кейіпкерді де жарата алмағанымызды мойындайықшы», деген мірдің оғындай сөзін қорытып үлгермей қалды.
Сол сәттегі театр іші сілкіп тастар осы күйді аңсап тұрған. Өйткені мінбеде Соқпақбаев туралы жібі түзу әңгіме азайып, ата буын да, аға буын да өздерін мақтаумен әуреленіп кеткен-ді. Дидағаң «Қожадай кейіпкерің жоқ» деп кесу арқылы «шешендердің» есін жиғызып қана қойған жоқ, сол күнгі залда отырғандардың бірінің де Бердібекке теңдесе алмайтынын бетіне айтты. Әйтпесе бар ғой, өзгелер сынды Соқпақбаевтың есімін қалқалап, өзін мақтауға Дидағамның да мүмкіндігі бар еді. Ондайға ағаның ары жібермеді. Кейінгіні былай қойып, 1978 жылы классик Бердібектің бір топ жасқа «ақжолтай» тілеп, «Қазақ әдебиеті» газетіне мақала жазғаны, онда «Аққабаның толқыны» атты тырнақалды туындысы хақында «Дидахмет Әшімханов та әңгіме жазуға әжептәуір төселіп қалған. Сөз саптауы жатық, бейнелі. Адам психологиясына тереңдеп, нанымды етіп суреттейді» дей келе: «Жас қаламгер кейбір тұрғыластары тәрізді жөнсіз қазымырланбай, жанды деталь, ширақ штрихтар арқылы ерлі-зайыптылардың характерін жап-жақсы ашқан. Маған оның ойын айқайлап айтпай, астарлы жеткізетін қасиеті ұнады» деп бағалағаны 28 жастағы жас жазушыға аз олжа ма? 28 жасында Бердібектің ақ батасын алған Дидахмет Әшімханұлы кейіннен қаншама өрім қаламгердің әдебиеттің есігінен именбей кіруіне жол ашты. Жылт еткен сәулелі таланты бар жастарды бауырына басып, қызғыштай қорыды, жарау аттай баптады.
«Сахнаға шыға қалсаң, есте қалар бір сөз айт, әйтпесе сөйлеме» дейтін еді, аға! Дидағам өмір бойы сол ұстанымынан тайған жоқ.
«Жас қаламгерлерді жина, осы сенбіде бір автобус болып, Шоқанның зиратына тәу етіп қайталық», деді бірде. Сол аптада елу екі адам сыятын нән көлік тола жас қазіргі Жетісу облысының Кербұлақ ауданына аттандық. Жолбасымыз Дидағам қабір басында тұрып: «Шоқан өмір бойы аттың жалында, түйенің қомында жүріп, Азия мен Еуропаны шарлады. Қазіргідей ұшақпен ұшып, қалаған жеріңе бара салатын заман емес. Тынығуға тоқтағанда тізесіне қағазын қойып, көрген-білгенін жазып отырған. Осылай отызға толмай жатып, артында қаншама еңбек қалдырды. Бүгін Шоқанның басына тұрған сендер де отызға келіп қалдыңдар. Шоқан сынды не бітіре алдыңдар? Осы сұраққа жауап іздеп көріңдерші?» деді.
Тағы да өте қарапайым болғанымен, салмағы қорғасыннан да ауыр сөз! Басқа жерде емес, Шоқанның қабірінің басында айтылды. Зираттың жанында жүрегі лүпілдеп тұрған жас буынның отызында орда бұзған шоқ жұлдыз Шоқанға айналуы әсте оңай емес еді. Бірақ аға шәкірттерін Шоқанға шендестіріп, намысын қайрапты. Сол сапарда бізбен бірге болғандардың бәрі дерлік қазір әдебиет пен журналистика саласында еңбек етіп жүр. Олардың әрбірі Шоқан болмағанымен, Дидағадай тәлімгердің үкілі үмітін толықтай ақтағанына біз куәгерміз.
«Көк тудың желбірегені»...
Дидағамның өндіре жазар уақыты нарықтық қоғам қысқан тоқсаныншы жылдарға тұспа-тұс келді. Сөйтсе де, ағамыз әдебиет пен журналистиканың тізгінін тең ұстап, елге адал қызмет етті. «Алтынсарин көшесі. Ұзындығы 100 метр» деген сияқты қоғамдық резонанс туғызған мақалалар жазды. Ол мақаласы сол сәтінде тиісті мекемелердің назарына ілігіп, Алматы қаласын қақ жарып жатқан баяғы «Правда» даңғылы Ұлт ұстазы – Ыбырайдың атын иеленді. Дидағамның мұндай ел білетін ерлік істерін қайталап әңгімелей бермей, бұқара әлі ести қоймаған екі жайтты сөз етейін.
Бірде Дидағам кабинетіне шақырды. Үстелінің үсті тола оқушылардың күнделігі. Күнделік бетіндегі Ресейдің жартылай жалаңаш әншілері мен өзіміздің эстрада жұлдыздарының суреттеріне қарауға көз ұялады. Мектеп жасындағы балаларға қазақтан үлгі етер тұлға қалмай, сахнада секеңдегендерді алға оздырғанбыз. Әлеуметтік желілер атқа қона қоймаған 2010 жылдары қыркүйек айы келген сайын телеарналар мен газеттер шуылдап, осы мәселені күн тәртібіне шығаратын. Бірақ келер жылы оқушылар қайтадан әнші-құшнаштар бейнеленген күнделік ұстауға мәжбүр болушы еді.
«Мына сұмдықтан хабарың бар ма?», деді аға. «Бар» деймін! «Бұлар ұлтты аздырып бітетін болды. Күнделік бетіндегі жартылай жалаңаш дүбәраларды көріп өскен ұрпақ соларды пір тұтады. Сосын осылардай жүру қалыпқа айналады. Бұған қалайда тосқауыл қою керек», деді сөзін іркіп. «Мақала жазу керек шығар», дедім мен. «Жоқ, одан ештеңе өзгермейді. Міне, бұл тақырыпта жазылған материалдарды да жинап қойдым», деп тартпа тола газеттерді көрсетті. Сөйтті де сөйлеп кетті. «Біз тым құрыса туған жеріміздің балаларының осындай күнделік ұстамауына септесе аламыз. Ел мен жердің тарихы, тұлғалары мен қасиетті жерлері туралы мәліметтерді жинап, күнделік дайындалық. Сосын, жергілікті білім бөлімінің басшыларымен сөйлесіп көрейік. Олар да жартылай жалаңаш әншілерден зәрезап болып отырса керек», деді.
Ағаның идеясы көп өтпей жүзеге асты. Алғашқы жылы үш аудан, келер жылы он шақты ауданның балалары күнделік беті арқылы өз туған жері мен тұлғаларын тануға мүмкіндік алды. Үшінші жыл дегенде Дидағаңның идеясымен шыққан күнделік саны жүз мыңға жуықтап, осы бизнес монополистерінің қырына іліндік. Олар басында үркіте келіп, артынан біздің ығымызға жығылуға мәжбүр болды. Ағаның сол сәттегі жанталасты еңбегінің арқасында оқушылар күнделігі бір ізге түсіп, күнделік бетінде мемлекеттік рәміздер ғана бейнеленетін шешім қабылданды. Дидаға осылай ұлтқа жазумен ғана емес, іспен де қызмет етуге болатынын көрсетті.
Дидахмет аға Түркияның ұлттық идеологиясына таңғалушы еді. Қайда барсаң, қызыл туын желбіретіп қоятын рухты ел туралы жиі айтатын. «Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуді түріктерден үйренуіміз керек. Біздің де көк туымыз барлық жерде ілініп тұруы қажет. Тым құрығанда әртүрлі этносы көп елді мекендердің ең биік нүктесінде көк туымызды желбіретіп қойсақ, олар қай елде жүргенін біліп, ойланар еді», дейтін ылғи да. Аға бір күні осы ойын досы Құлбек Ергөбек ағамызға да айтыпты. Құлбек аға идеяны іліп әкетіп, сол кездегі Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа жеткізеді. Көп ұзамай іскер әкім Өскемен қаласының ең биік нүктесіне қазақтың туын желбіретті. Сол-ақ екен, Дидағаның тілеуін Құдай беріп, бұл бастаманы Алматы қаласы, артынша Астана жүзеге асырды. Арада екі-үш жыл өтпей Қазақстанның барлық облыс орталықтары жалауымызды ту-тұғырға қондырды. Қазір, тіпті аудандарға барсаңыз да, сіздің көзіңізге ең алдымен биікте тұрған мемлекеттік жалауымыз түсіп, «Көк тудың желбірегені, Жаныма қуат береді» деген әнді еріксіз айтып кеткеніңізді байқамай қаласыз. Ал біз ту-тұғырда желмен тербеліп, қанатын кеңге жая ұшып бара жатқан қыранды көргенде аяулы ұстазымызды еске алып, қазақ балаларының күнделігінің бетіне мемлекеттік рәміздерімізді қашап берген асыл ағаның «көк туды желбірету» деген арманының да орындалғанына іштей риза боламыз.
Қарыз бен парыз хақында
Дидағамның кейінгі буынға жанай жүруі оның қаламгерлік жолдағы екінші тынысын ашты. Әдебиетке үміт артқан жастардың жанкештілігі қаңтарып қойған қаламын қолына қайта алғызды. Өзі жақсы көретін газеттің жұмысы мен Алаш арыстарының жүз томға жуық еңбегін жарыққа шығарған «Ел-шежіре» қорының тірліктерін қатар атқара жүріп, өмірінің соңғы жылдары құлашын кеңге жайып, «Ақшоқы», «Құдайсыздар», «Жынды жел» сынды бірнеше әңгіме жазды.
Бірде Катонқарағайға кетіп бара жатқан жолда «Жынды жел» (алғашқы атауы «Алас тайпасы туралы аңыз» болатын), «Кеш», «Қызыл бейіт» атты үш туындысын жазылмай тұрып, әңгімелеп берген еді. «Жынды жел» артынша жарық көрді. «Кеші» аяқталмай қалды. Ал «Қызыл бейіт» сол күйі қағазға түскен жоқ. Аға өмірден озғаннан кейін бірнеше рет «Қызыл бейітті» әңгіме етіп жазып шықпақшы болдым. Абайдың «моласындай бақсының, жалғыз қалдым – тап шыным» деген идеясына құрылуға тиіс туындыны сол күйі ойымдағыдай жаза алмадым. Ағаның алдында өзімді қанша борышты сезінгеніммен, қолыма қалам алсам, желкемнен бір өткір көз қадалып, қарап тұрған сияқты болады. Ол өткір көздің иесі – Дидағам секілді, ол мені көріп тұрғандай...
Борышты демекші, Дидахмет Әшімханұлының шәкірттері ағаға қарыздар! Ол кісі қолында қаламы бар қыз-жігіттерге тек рухани тұрғыда ғана емес, азын-аулақ қаржылай да қарайласып тұрды. Осылайша, сол кезде отбасын жаңа құрған бізге аз септігін тигізбеді. Бірақ қарызды уағында қайтаруды талап ететін. Алған қаржыны қайыра апарғанда «Оралхан Бөкейше «Өй, Дидөш! Сенің адалдығыңды ұнатамын» деп тиынына дейін санап алайын ба?» деп күлдіретін. Мүмкіндігі жоқтарға жұмыс тапсырып, кей борышкерді кешіріп те жататын.
Бірде сөзден сөз шығып, «Дидаға, біз сіздің ағалық қамқорлығыңызға қарыздармыз. Оны енді қалай қайтарамыз?» дедім әзілдеп. «Ағаң Сағаттың (Әшімбаевты айтып отыр) жақсылығын көп көріп едім. Егер саған шарапатым тисе, сол кісінің алдындағы қарызымның қайтқаны да», деді күліп.
Алтайда туған Дидағам Хантәңірінің бауырында өскен Сағаттай ағасының алдындағы парызы мен қарызынан біржола құтылды. Бірақ біздің, яғни шәкірттерінің мойнына Дидахметтік қарызды аманаттап кетті. Ол аманатты соңымыздан ерген інілерге адалынан тапсырып бере аламыз ба? Ендігі мәселе осында ғана...