Қазақстан тұрғын компаниясы Астанада жыл сайынғы KHC Workshop-ын өткізіп, онда үлестік құрылыс саласындағы сараптамалық зерттеулердің қорытындылары мен жаңалықтар таныстырылды.
Іс-шараға Қазақстанның жетекші тұрғын үй құрылыс компаниялары, девелоперлер, бейіндік қауымдастықтар мен банк өкілдері, сала сарапшылары қатысты.
"Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ-ның басқарма төрағасы Алтай Күздібаев өз сөзінде жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерге өз қаражатын салатын үлескерлердің мүддесін қорғау үшін мемлекет жүйелі іс-шараларды жүзеге асырып жатқанын атап айтты.
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап үлестік құрылыс саласына бақылауды күшейтетін және ашықтықты арттыруға мүмкіндік беретін заңнамадағы өзгерістер осы мақсаттарға жеткізеді.
Атап айтар болсақ, баспананы қолма-қол төлемсіз сатып алатын кезде үлестік құрылыс туралы тіркелген келісім-шарт "Qazreestr" ақпараттық жүйесінде онлайн-тексерістен өтеді.
"Жаңадан салынатын тұрғын үйге ипотекалық несие қолма-қол төлемсіз беріледі. Осылайша, аудиторлық тексерістен ешкім жалтарып кете алмайды. Егер де бір азамат қажетті соманы төлеу үшін банк кассасына өтініш беретін болса, банк сол адамның "Qazreestr" платформасында тіркелген үлестік құрылысқа қатысу туралы келісім-шартының бар-жоғын бірнеше секундта тексере алады. Алаяқ үй салушылардың үлескерлерді алдап, қаражатын қалтасына салып, тайып тұратын оқиғаларды түпкілікті жою туралы міндет қойылып отыр. Ауқымды жүйелі жұмыстар атқарылды, мысалы "Qazreestr" базасында үлестік құрылысқа қатысу туралы келісім-шарттармен қатар тұрғын үй құрылыс кооперативтерін, ТҚК-нің үлесшілерінің де келісім-шарттарын тіркейміз. Менің ойымша, мұндай іс-шаралар өз нәтижесін көрсетеді",- деді ҚТК басқарма төрағасы Алтай Куздибаев.
Заңнамаға енгізілген түзетулерде үлестік құрылыс саласындағы бақылауды күшейтуге бағытталған өзге де іс-шаралар бар. Солардың бірнешеуі үй салушыларды ынталандыруды қарастырады.
"Жаңадан салынатын үйлерге үлескерлерді тарту үшін олардың қолында баспана салуға рұқсат берілген барлық құжаттарының бар-жоғы тексеріледі. Өйткен себебі, азаматтардың қаражатын заңсыз жолмен тартудың негізгі арнасы үйді жарнамалау арқылы өтетіні бізге мәлім. Бұған қоса, әрбір заңсыз жолмен жасалған келісім-шарт үшін салынатын айыппұл мөлшері 2 мың АЕК-ке дейін ұлғаяды. Ең бастысы – Азаматтық кодекске енгізілген өзгеріске сәйкес, брондау және инвестициялауға қатысты барлық келісім-шарттарға тыйым салынады",- деп сөзін жалғады Қазақстан тұрғын үй компаниясының басшысы.
Сондай-ақ, үлестік құрылыс нарығының ойыншылары – тұрғын үй салушыларға арналған ынталандыру іс-шаралары да бар.
  
 
"Біз тұрғын үй салушылардың тәжірибесі туралы талапты 3-тен 2 жылға дейін азайттық, оларға үш бірдей шот – ақшалай, сақтандыру және үлескерлердің қаржысы түсетін шот ашуға мүмкіндік бердік, компаниялардың аванстық төлемдерінің көлемін қайта қарадық",- деді Алтай Куздибаев.
Кездесуде Қазақстанның үлестік құрылыс саласындағы көлеңкелі нарықтың үлесіне баға берілген сараптамалық зерттеулердің қорытындылары жарияланды. 2025 жылдың тамыз айындағы мәліметтер бойынша, бұл көрсеткіш 62,5 % құрады. Атап айтсақ, құрылысы жүріп жатқан 606 нысанның тек 227-сі ғана әкімдіктерден рұқсат алған немесе үлескерлердің қаражатын тартуға Қазақстан тұрғын компаниясынан кепілдік алған.
"Біз салынып жатқан үйлердің танымал интернет-ресурстардағы жарнамасына зерттеу жүргізіп, ол жердегі барлық хабарландыруларды жинақтадық және сол мәліметтерді "Qazreestr" ақпараттық жүйесіндегі деректермен салыстырдық. Көлеңкелі нарық үлесінің 2023 жылы – 68 %, 2024 – 67 %, 2025 жылы – 62,5 %-ға төмендеуіне қатысты жағымды динамикаға қарамастан, бұл көрсеткіш бәрібір жоғары болып отыр. Заңнамаға енгізілген өзгерістердің бізге ауадай қажет екені сөзсіз. Барлық тараптардың күш-жігерімен алдағы жылдары бұл көрсеткіш ең төменгі санға дейін азаятынына сеніміміз мол",- деп мәлімдеді Қазақстан тұрғын үй компаниясының басқарушы директоры Ернар Абитаев.
  
 
"Көлеңкелі" нарықтың үлесі ең алдымен Ақтау, Көкшетау, Қонаев, Петропавл, Тараз, Семей, Түркістан, Орал, Павлодар, Қызылорда және Бесағаш ауылына тиесілі. Бұл қалалар мен ауылда жарнамаланған салынып жатқан үйлердің бірде біреуі үлескерлердің қаржысын тарту үшін әкімдіктен рұқсат я болмаса Қазақстан тұрғын үй компаниясынан кепілдік алмаған.
"Қазақстан тұрғын үй компаниясы жариялаған жаңалықтың бірі – аз қабатты тұрғын үйлер салуға кепілдік беру мүмкіндігі. "Біз тұрғын үй салу кезеңінде тұрғындардың аз қабатты үйлерге өз инвестициясын салу мүмкіндігін беруге ұзақ уақыт жұмсадық. Қазіргі кезде халықтың көпшілік бөлігі ірі қалалардың айналасында тұрады. Мұндай ахуал Алматы, Ақмола облыстарында және өзге өңірлерде байқалып отыр. Бұл – ірі қалалардың айналасын да әдемі, ыңғайлы етіп салуға берілген мүмкіндік, соны пайдалана білуге тиіспіз",- деді Алтай Куздибаев.
Workshop шеңберінде жиынға қатысушыларға Қазақстан тұрғын үй компаниясының жаңарған цифрлық өнімдері көрсетілді. Бұл – Qazreestr платформасындағы өзгерістер, саланы шынайы мәліметтермен және сараптамалық материалдармен қамтамасыз ететін Қазақстан тұрғын үй компаниясының аналитикалық орталығы жобасының жаңа құралдары.
Іс-шараның соңында Қазақстан тұрғын үй компаниясының 25 жылдығының құрметіне белсенді әріптестерін марапаттау рәсімі өтті.
