Қазақстан аумағында жұма күні, 2025 жылғы 31 қазанда, жаңбырлы ауа райы күтіледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Қазгидромет" РМК баспасөз қызметінің мәліметінше:
"Елдің басым бөлігінде ауа райына солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді. Соның салдарынан жаңбыр жауады. Солтүстік-батыста және күндіз оңтүстіктің таулы аймақтарында қатты жауын күтіледі. Ал елдің шығыс бөлігінде антициклон әсерінен жаңбырсыз ауа райы сақталады. Республиканың кей жерлерінде тұман түсіп, жел күшейеді, ал оңтүстікте шаңды дауыл болуы ықтимал", — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, синоптиктердің болжамынша, бірқатар өңірлерде өрт қаупі жоғары және ерекше жоғары деңгейде болады:
- Жоғары өрт қаупі – Ұлытау облысында, Атырау облысының солтүстік-шығысы мен оңтүстік-шығысында, Ақтөбе облысының оңтүстігі мен шығысында, Жамбыл облысының оңтүстігі, шығысы және орталығында, Алматы және Қарағанды облыстарының батысында, Қостанай және Ақмола облыстарының оңтүстік-батысында, Маңғыстау облысының батысы мен оңтүстігінде, Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында, Жетісу және Абай облыстарының оңтүстігінде.
- Төтенше өрт қаупі – Қызылорда облысында, Түркістан облысының оңтүстігі мен шөлді аймақтарында, Атырау облысының шығысында, Жамбыл облысының батысы мен солтүстігінде, Ақтөбе облысының батысы, солтүстік-шығысы мен орталығында, Алматы облысының солтүстігінде, Қостанай облысының оңтүстігінде және Ұлытау облысында күтіледі.