2025 жылғы 30 қазанда Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Қытайда өмір бойына бас бостандығынан айырылған қазақстандық Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Журналистер Қазақстанның бұған дейін Нигерия азаматы Аднду Нонсо Фортунаны Ақжарқын Тұрлыбай ісі бойынша экстрадициялау әрекеттері туралы хабарлағанын еске салып, қазіргі уақытта бұл процестің қай кезеңде тұрғанын сұрады.
"Бұл іс және біз айналысып жатқан өткен жылдардағы барлық істер, соның ішінде Ақжарқынның ісі – бәрі біздің бақылауымызда. Біз бұл мәселені назардан тыс қалдырмаймыз және оның экстрадициясына қол жеткізгенге дейін жұмыс істейміз. Мұнда белгілі бір рәсім бар: алдымен Интерпол іздестіріліп жатқан адамның орналасқан жерін анықтайды, содан кейін экстрадиция тетігі іске қосылады. Қазір біз оның қай жерде екенін анықтау нәтижесін күтіп отырмыз. Орналасқан жері белгілі болған сәттен бастап, бірден экстрадиция мәселесімен айналысамыз", – деді Ғалымжан Қойгелдиев.
Ол сондай-ақ, егер қандай да бір тарап жауап беруді созып жіберсе, Бас прокуратура дипломатиялық арналар арқылы еске салу хаттарын жолдайтынын айтты. Ғалымжан Қойгелдиевтің айтуынша, мұндай хаттар тек Нигерияға ғана емес, басқа елдерге де жіберілген.
Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған есірткі тасымалдады деген айып тағылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Қазақстандықтың қорғаушылары оны елге қайтаруды талап етіп келеді.
2015 жылы ҚР Ішкі істер министрлігі Нигерия азаматына қатысты қылмыстық іс қозғаған. 2022 жылғы 22 маусымда Ақжарқын Тұрлыбай ісі бойынша ұсталған нигериялықты Қазақстанға экстрадициялау жоспарланып отырғаны хабарланған.
2024 жылғы 31 қазанда Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев Бас прокуратураның Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын мәлімдеген еді. Сол кезде ол Ақжарқын Тұрлыбайдың жазасын Қазақстанда өтеуді қалағаны туралы өтініш білдіргенін хабарлаған болатын.