Жаңаарқа ауданы Мұқажан Жұмажанов атындағы ауылдық округте « Қазақ елі» стелласы мен «Балауса» балабақшасының ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға аудан әкімі Қанат Қожықаев қатысып, қос жаңа нысанның тұсауын кесті.
«Қазақ елі» стелласы елді мекендерді көгалдандыру, абаттандыру жобасы аясында бой көтерді. Аудан басшысы: «Бұл стелла – ұлт рухын көтеретін, Тәуелсіздік пен ел бірлігінің маңызын айшықтайтын ерекше ескерткіш», деп атап өтті.
Мемлекет-жекеменшік әріптестік аясында ашылған, 50 балаға арналған «Балауса» балабақшасы заманауи талаптарға сай жабдықталған. Бөлмелері кең әрі жарық. Балалардың ой өрісін, қабілетін дамытуға, жан-жақты тәрбиелеуге барлық жағдай жасалған. Мекемеге тоғыз тәжірибелі педагог пен маман жұмысқа қабылданған.
Салтанатты шарада аудандық мәдени-сауық орталығының өнерпаздары патриоттық әндер шырқап, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Ұлытау облысы