Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Теректі аудандық сотында Теректі ауданы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің бас бухгалтері Наталья Мустивко мен бухгалтері Ирина Журавскаяға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сот талқысында белгілі болғанындай, Н.Мустивко есеп үстелінің бухгалтері И.Журавскаямен алдын ала сөз байласып, 2023-2025 жылдары жалақы төлеуге арналған қаржыны жымқырған.

Сотталушылар кітапхана директорының электронды цифрлық қолын пайдалана отырып, SWIFT-құжатын рәсімдеу арқылы қаржыны өздерінің есепшотына аударып отырған.

Осылайша, олар Теректі ауданы орталықтандырылған кітапхана жүйесіне барлығы 45 млн 989,905 мың теңге материалдық залал келтірген.

Сот отырысында Н.Мустивко мен И.Журавская кінәсін толық мойындап, қылмыстық іс-әрекетке қаржы қиындықтары мен денсаулықтарындағы кінәратқа байланысты барғандарын айтты.

Сот үкім шығарған кезде сотталушылардың ерікті түрде шығынның орнын толтырғанын, жазаны жеңілдететін мән-жайларды ескерді.

Сотталушылар ҚР ҚК 189-бабы 4-тармағы 2-тармақшасына (аса ірі көлемде сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сәйкес 7 жылға бас бостандығынан айыруға кесілгенімен, 63-бап негізінде жаза шартты деп танылды.

Сонымен қатар олар 8 жыл мерзімге меншік түріне қарамастан, барлық ұйымдарда материалдық жауапкершілікке қатысты және бухгалтерлік қызметпен айналысу құқығынан айырылды.