Ғалымдар зағип жандардың көзіне имплант орнатып, олардың қай­тадан оқи алуына мүмкіндік берді. Лондондағы Мурфилдс аурухана­сының хирургі бұл операцияны бес адамға жасап, медицина әлемін дүр сілкіндірді .

70 жастағы Шейла Ирвин BBC-ге берген сұхбатында қайтадан оқи алатынын және кроссворд шеше бастағанын айтты. «Бұл – нағыз ғажайып! Қуанышымда шек жоқ. Түрлі түсті әлемді көріп тұрғаныма сене алар емеспін», дейді ол. Жаңа имплант «географиялық атрофия» деп аталатын көз ауруымен ауыратын адамдарға үміт сыйлап отыр. Мамандардың айтуынша, осы кеселге Ұлыбританияның өзінде шамамен 250 мың адам, ал әлем бойынша 5 миллионнан астам адам шалдыққан. Енді жаңа технологияның арқасында сол миллиондаған жанға жарық сыйлайтын күн алыс емес секілді.