Бүгін, 2025 жылы 28 қазанда АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Серджио Гор мен АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау Алматыға келіп жеткені белгілі, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Президенті әкімшілігінің баспасөз қызметі сапар барысында қазақ-америка қарым-қатынасының перспективасы, сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібінің мәселелері талқыланатын бірқатар кездесу өтеді деп жоспарланып отырғанын хабарлаған. Сондай-ақ олардың Алматыдағы заманауи өнер музейіне, "Шымбұлақ" тау шаңғысы кешені мен "Медеу" мұз айдынына барғаны да белгілі.
Аталған сапар барысы туралы АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау желідегі парақшасында пікір білдіріп те үлгерді.
"Қазақстанның ең ірі қаласы әрі қаржы орталығы – Алматы Іле Алатауының баурайында орналасқан. Қаладан небәрі жарты сағаттық жерде әлемге әйгілі "Шымбұлақ" тау шаңғы курорты бар. Біз мұнда қазақ халқының ерекше қонақжайлылығын сезіндік. Алтын қыран мен жаңа қазақ достарымның арасында өзімді үйімдегідей сезіне бастадым", деп Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазған ол бірқатар суреттерімен де бөліскен.
Almaty, Kazakhstan’s largest city and financial capital, is located in the foothills of the Zailiyskiy Alatau mountains. Just half an hour outside of town is the world-famous Shymbulak ski resort, where we enjoyed some amazing Kazakh hospitality. I’m starting to feel at home here… pic.twitter.com/xIHgv39YQ7
— Christopher Landau (@ChrisLandauUSA) October 28, 2025
Суреттерден Алатау баурайында болған америкалық саясаткердің қолына бүркіт қондырып, садақтан оқ атып көргенін де көруге болады.
Айта кетсек, 2025 жылы 26 қазанда ҚР СІМ АҚШ-тың Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі арнайы өкілі Серхио Гор мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландаудың Қазақстанға сапары жоспарланып отырғанын растаған болатын.