Астанада сауда орталықтарының бірінде бұзақылық әрекеттер жасаған ер адамға қатысты іс қаралды. Елорда соты қала тұрғынын кінәлі деп танып, оны жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Астана соттарының ресми Telegram-каналындағы ақпаратқа сәйкес, ер адам қоғамдық орында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. 21 қазанда ол сауда орталығында іш киіммен жүгіріп, қолында плакат ұстап, "Маған пәтер сыйла!" деген сөздерді айқайлап айтқан.

"Сотта А. өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдіріп, бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, өз әрекеті арқылы жұрт назарын аударып, Астанадан пәтер ұтып алғысы келгенін түсіндірген", — делінген сот хабарламасында.

Соттың қаулысымен ер адам ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз