Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында елордадағы сауда орталықтарының бірінде жалаңаш күйде плакат ұстап жүрген ер адамға қатысты ұсақ бұзақылық бойынша әкімшілік іс қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сотта 2025 жылғы 21 қазанда қолында плакаты бар ер адамның сауда орталығында іш киіммен жүгіріп, "...маған пәтер сыйла!" деп айқайлағаны анықталды. Осылайша, ол қоғамдық орында әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.

Құқық бұзушылықтың мән-жайлары іс материалдарымен, әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, А-ның өз түсініктемесімен және Instagram желісінде жарияланған бейнежазбамен дәлелденді.

Сотта А. өз кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін білдіріп, бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмағанын, өз әрекеті арқылы жұрт назарын аударып, Астанадан пәтер ұтып алғысы келгенін айтқан.

Соттың қаулысымен А. ӘҚБтК 434-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамақ түріндегі жаза тағайындалды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.