Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб «Қазақстан – Финляндия» бизнес форумына қатысты

Мемлекет басшысының айтуынша, Финляндия – халқымыз өте жақсы білетін ел әрі Қазақстанның стратегиялық деңгейдегі аса маңызды серіктесі.

"Бүгін Президент Александр Стуббпен жүргізілген келіссөз барысында тараптар Қазақстан мен Финляндия арасындағы серіктестікті кеңейтуге және дамудың жаңа мүмкіндіктерін іздеуге ниетті екен растады", — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Былтыр Финляндияның Қазақстанға құйған тікелей инвестициясы 80 пайыздан асып, жарты миллиард долларға жуықтады.

"Бүгінде Қазақстанда фин тарапының қатысуымен 50-ге жуық компания табысты жұмыс істейді. Олардың арасында Tikkurila, Wärtsilä, Nurminen, Metso, Valtra, Peikko және басқа да әлемге танымал брендтер бар. Қазақстан осы серіктестікті кеңейтуге, сондай-ақ еліміздегі фин инвестициясының және іскерлік тобының артуына бейіл", — дейді Мемлекет басшысы.

Көлік және логистика

Президент фин бизнес-қоғамдастығына Қазақстанның көлік-логистика саласындағы басымдықтары, соның ішінде Транскаспий халықаралық көлік бағытының дамуы жөнінде мәлімет берді.

Мемлекет басшысы аймақта тиімді мультимодальді көлік желісін құрған Nurminen Logistics фин компаниясының күш-жігерін жоғары бағалады.

Қазақстан тәжірибе мен озық технологиялық шешімдерді алмасу арқылы Хельсинки және Хамина-Котка секілді фин порттарымен ынтымақтастықты тереңдетуге ұмтылады.

Энергетика

Атом қуаты еліміздің ұзақ мерзімді энергетикалық стратегиясының маңызды тірегі саналады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ядролық отынды бейбіт мақсатта пайдалану әрі тәжірибе алмасу бойынша Қазақстанның Атом энергиясы жөніндегі агенттігі мен Финляндияның Радиациялық және ядролық қауіпсіздік басқармасы (STUK) арасындағы серіктестікті құптады.

Қазақстан көмір энергетикасы саласында таза, тиімді әрі экологиялық шешімдер қабылдауға ұмтылады.

Мемлекет басшысы елімізде инновациялық гибридті энергетикалық жүйе мен электр энергиясы өндірісінің икемді технологиясын енгізген Финляндияның Wärtsilä компаниясына алғыс айтты.

Аса маңызды минералдар

"Қазақстанда пайдалы қазбалардың мол қоры бар. Олардың көбі әлі игерілмеген. Еліміз сирек кездесетін әрі Еуропа Одағы экономикасы үшін аса маңызды саналатын 34 элементтің 21 түрін өндіреді. Біз нақты прагматикалық әдіске жүгінеміз: шикізатты инвестиция мен технологияға алмастырамыз. Финляндияның Metso компаниясы минералды шикізатты өңдеу және өндірісті автоматтандыру салаларында озық шешімдер ұсынып жатыр. Осы бағыттағы ынтымақтастық аясын кеңейтуге мүмкіндік мол", — дейді ҚР президенті.

Ауыл шаруашылығы

Өсімдік және мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге бағытталған бірлескен кәсіпорын құру ұсынылды.

Академиялық алмасуды жандандыру және Erasmus+ бағдарламасы аясында бірлескен жобаларды ілгерілету мақсатында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті мен Шығыс Финляндия университеті серіктестік орнатты.

Қазақстан аграрлық мамандардың жаңа буынын даярлауға және ауыл шаруашылығының инновациялық, орнықты әдістерін енгізу саласында бірлескен зерттеулерді дамытуға мүдделі.

Цифрландыру және жасанды интеллект

Финляндия жасанды интеллект және LUMI суперкомпьютері арқылы өнімділігі жоғары есептеулер саласында көш бастап тұр. Сондықтан ЖИ бойынша зерттеу жүргізу, мәліметтерді озық талдау, техникалық білім беру және инновациялық экожүйе бағыттарында серіктестікті жолға қоя аламыз.

Қаржы саласы

Мемлекет басшысы Финляндия іскерлік топтарын "Астана" халықаралық қаржы орталығымен байланыс орнатуға шақырды.

Қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану

Елімізде ауа сапасын болжаудың озық моделін пайдаланатын SILAM жүйесі табысты жұмыс істеп тұр.

Орман шаруашылығында да айтарлықтай перспектива бар. Біз ел ағаш кесудің экологиялық тұрғыдан қауіпсіз тәсілдерін ілгерілетуге, кәсіби даярлау бағдарламаларын әзірлеуге және ағаш өңдеуде заманауи технологияларды енгізуге баса мән береміз.

Финляндияның осы салалардағы озық тәжірибесі "Таза Қазақстан" жалпыұлттық экологиялық бастамасын іске асыруға айтарлықтай үлес қоса алады.

Финляндия Президенті қазақстандық кәсіпкерлер жұмысының тиімділігін, сондай-ақ екі ел бизнес құрылымдарының арасында өзара сенім бар екенін атап өтті

"Біз құбылмалы, болашақты болжау қиынға соғатын, күрделі геоэкономикалық әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мұндай кезде бизнес шын мәнінде тұрақтылықты қажет етеді. Бүгін Қазақстан мен Финляндия арасында саяси деңгейде келісімдер жасалды. Ал осындай уағдаластықтар тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, өзара түсіністік жөніндегі меморандумдарға қол қойып, құжаттар алмастық", – деді Александр Стубб.

Бұған дейін 2025 жылғы 28 қазанда жүргізілген келіссөз қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Стубб Бірлескен мәлімдеме қабылдаған болатын. Құжатта тараптардың ортақ ұстанымдары мен бүгінгі келіссөз барысында айтылған бастамалары көрініс тапты.