Желіде 2022 жылы 7 жылға сотталған Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарығ экс-мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменоваға қатысты видео тарады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Атырауда пара алғаны үшін сотталған облыс әкімінің бұрынғы орынбасары және бұрынғы мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова тойда көзге түсті. Видеода ол шенеуніктер мен полицейлердің арасында құрметті қонақ ретінде бірінші қатарда тұр", — делінген тараған видеоның сипаттамасында.
Атырау облыстық соты баспасөз қызметінің "ҚазАқпарат" агенттігіне хабарлауынша, Хаменоваға қатысты жазаның орындалуы үш жылға шегерілген.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың 15 қарашасында Бақытгүл Хаменова 7 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ кәмелетке толмаған екі баласының болуына байланысты үкімнің орындалуы 3 жылға шегерілді. Сондай-ақ ол өмір бойына мемлекеттік лауазымда қызмет атқару құқығынан айырылды. Бұдан бөлек сот мемлекет басшысына оны "Құрмет" орденінен айыру туралы ұсыныс енгізді. Жазасын өтеу кезінде оның тергеу изоляторында отырған 11 айының әр тәулігі бір жарым тәулік деп есептеледі.
Бақытгүл Хаменова мен оның адвокаты апелляциялық шағым берген, алайда сот оның үкімін күшінде қалдырған.
Ал екі басқа фигуранттың жазасы жеңілдетілді. Ақылбек Рысқалиевтің жазасы 7 жылдан 2 жылға қысқартылды. Өміртай Адамовтың жазасы 4 жылдан 1 жыл 6 айға дейін азайтылды.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз