24 мамыр мен 1 маусым аралығында Бангокта дәстүрлі халықаралық Thailand Open турнирі өтіп жатыр.
Thailand Open–2025 турнирінде қазақ боксшысы Дулат Бекбауов сенсациялық жеңіске қол жеткізді. Ол ширек финалда 2024 жылғы Олимпиадада жарқ етіп, күміс медаль иеленген қырғыз боксшысы Мунарбек Сейитбек уулуын жеңіп, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді.
Естеріңізде болса, Мунарбек Парижде барша қырғыз жұртының үмітін ақтап, бокс тарихында тұңғыш болып Олимпиада жүлдегері атанған еді. Ол финалға дейін жеке бапкерінсіз жетіп, өзбекстандық маманның қолдауымен рингке шыққан болатын. Бірақ Thailand Open додасында оның жолын Дулат Бекбауов кесті.
Thailand Open – World Boxing ұйымының бастамасымен құрылған жаңа Азия федерациясы ұйымдастырып отырған беделді турнир. Мұнда құрлықтың таңдаулы былғары қолғап шеберлері бас қосып, өзара мықтыны анықтауда.
27 мамырда өткен ширек финалда Дулатпен қатар Нұрзат Оңғарұлы (50 кг),
Нұрсұлтан Алтынбек, Диас Молжігітов (80 кг) жеңіске жетті.
Шешуші жекпе-жектер әлі алда. Ширек финал 28 мамырда аяқталады, ал жартылай финалдар 29–30 мамырда өтеді. Финалдық жекпе-жектер 1 маусымға жоспарланған.