Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таиланд пен Камбоджа арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жөніндегі бірлескен декларацияның қол қойылуына орай жасаған мәлімдемесін жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі 2025 жылғы 25-28 қазанда Куала-Лумпурда өтіп жатқан Оңтүстік Шығыс Азия мемлекеттері қауымдастығының (АСЕАН) 47-ші саммиті аясында АҚШ президенті Дональд Трамптың және Малайзияның премьер-министрі Анвар Ибрагимнің тікелей қатысуымен Таиланд Корольдігі мен Камбоджа Корольдігі арасындағы қақтығысты бейбіт жолмен реттеу жөніндегі бірлескен декларацияның қол қойылуын құптайды.
"Қазақстан Оңтүстік Шығыс Азия өңірінде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалпына келтіруге бағытталған тараптардың күш-жігерін жоғары бағалайды. Қол жеткізілген уағдаластықтар БҰҰ Жарғысының негізгі қағидаттарына, қауіпсіздік пен өркендеуді қамтамасыз етуге бейілділікті көрсетеді, сондай-ақ кез келген дауларды реттеуде дипломатиялық шешімдердің баламасыздығын дәлелдейді.
Осы Бірлескен декларацияның қол қойылуы Таиланд пен Камбоджа арасындағы достық және тату көршілік қатынастардың одан әрі нығаюына берік негіз қалайтынына және де АСЕАН аясындағы өңірлік ынтымақтастықты тереңдетуге өз үлесін қосатынына сенімдіміз", — делінген мәлімдемеде.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Таиланд пен Камбоджа көшбасшылары қақтығысты бейбіт жолмен реттеу туралы декларацияға қол қойды. Қол қою рәсіміне АҚШ президенті Дональд Трамп қатысты.
Айта кетейік, биыл 24 шілдеде Таиланд пен Камбоджа шекарасында екі елдің әскери күштері арасында қақтығыс болған еді. Жанжал шекараның даулы учаскесінде екі елдің құрлықтағы күштері арасындағы атыстан басталды.
Ал 28 шілдеде Таиланд пен Камбоджа бес күндік қақтығыстан кейін атысты тоқтату туралы келісімге келгені жарияланды.
Ал Трамп Таиланд пен Камбоджа билігімен сөйлескеннен кейін өзін "бейбітшілік президенті" деп атады және соңғы алты айда әлем бойынша көптеген соғысты тоқтатқанын мәлімдеді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз