Өскемен қаласында дзюдодан өткен облыстық дода үлкен даумен аяқталды. Әлеуметтік желіде жарыс кезінде түсірілген төбелестің видеосы тарады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Altainews.kz аталған оқиға "Жекпе-жек" спорт кешенінде болғанын хабарлайды. Желі қолданушылары жаппай төбелес кезінде бір жаттықтырушы жарақат алып, жағы сынғанын да жазады.

Өскемен қалалық полиция департаменті "жаппай төбелес болды" деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын, жанжал тек екі адамның арасында болғанын нақтылайды.

"Полиция аталған оқиғаға қатысы бар барлық тұлғаларды анықтады. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты және толықққанды анықтауға бағытталған тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды", – деп хабарлайды Өскемен қалалық полиция басқармасы.

Бұл жағдайға байланысты Шығыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы ресми түсініктеме берді:

"Қазіргі уақытта аталған оқиға бойынша барлық мән-жай Өскемен қаласының полиция басқармасымен анықталып жатыр. Ресми ақпарат жақын уақытта беріледі".

Бұған дейін 300-ден астам қазақстандық "Англиядағы 1 миллион теңгенің жұмысы" туралы сөзге сеніп, әрқайсысы алаяқтар ұсынған жалған келісімшарттарға 750 мың теңгеден бергенін жазғанбыз.