Елордадағы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Мәдени диалог: Қазақстан – Ресей» атты дөңгелек үстел өтіп, онда екі ел арасындағы мәдени және гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Ресей Федерациясының мәдениет министрі Ольга Любимова, сондай-ақ қос елдің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері қатысты.
Аида Балаева мәдени әріптестіктің маңыздылығын атап өтіп, соңғы жылдары жүзеге асқан бірлескен жобаларға тоқталды.
Соңғы жылдары музей ісі, театр және музыка өнері, кинематография мен мәдени білім беру салаларында үлкен ілгерілеушілік бар. Мәселен, Алматыда ТМД елдерінің V Жастар театр форумы өтті, «Астана Опера» театры Мәскеудегі үлкен театрда «Абай» қойылымымен сәтті өнер көрсетті. Сонымен қатар қазақстандық кинокартиналарды Ресейдің «Госфильмофонд» мұрағатынан цифрлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның бәрі — біздің рухани жақындасуымыздың нақты нәтижесі, – деді министр.
Ол сондай-ақ алдағы уақытта Қазақстанның мәдениет күндері өтетінін және бұл шараға отандық шығармашылық ұжымдар белсенді қатысатынын мәлімдеді.
Бүгінгі кездесу – мәдени ынтымақтастығымыздың жаңа белесі. Біз үлкен бағдарлама әзірлеп жатырмыз. Бұл – көрермендер үшін жарқын әрі есте қаларлық оқиға боларына сенімдімін, – деді Аида Балаева.
Оған қоса министр Қазақстан мен Ресей арасындағы достықты бейнелейтін маңызды тарихи оқиға – «Мәңгілік достық аллеясының» ашылуы да өтетіні хабарлады.
Ресей мәдениет министрі Ольга Любимова өз сөзінде екі ел арасындағы мәдени байланыстың тарихи терең тамырына назар аударып, дөңгелек үстелдің идеясы жаңа жыл қарсаңында Мәскеуде өткен кездесу барысында туындағанын айтты.
Қазақстанмен мәдени байланыс біз үшін қалыпты әрі маңызды дәстүрге айналды. Бұл – көпжылдық серіктестіктің көрінісі. Біз әріптестерімізбен бірге жаңа бағыттарды талқылауға дайынбыз. Біздің осы кездесудегі басты сөзіміз – достық. Қазақстан мен Ресей арасындағы шынайы достық – бұл тарихи негізі терең, бауырластыққа құрылған байланыс, – деді Ольга Любимова.
Сондай-ақ министр Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Қазақстан Ресейдің көптеген мәдени қайраткерлері үшін екінші Отанға айналғанын, бұл ортақ жадымыздың алтын парағы екенін ерекше атап өтті.
Мәдени диалог барысында Қазақстан мен Ресейдің музей саласындағы ынтымақтастығы да ерекше назарға алынды. Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлайым Жұмабекова қос ел музейлерінің байланысы жайлы айтты.
Әбілхан Қастеев атындағы өнер музейі мен Ресейдің жетекші көркем ұйымдарының серіктестігі – Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи және көркем құндылықтарға негізделген мәдени ынтымақтастықтың маңызды бөлігі. Бұл әріптестік аясында көрмелер, ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Мәселен, Мәскеуде «Шестидесятники. Тюркский романтизм» атты көрме, Санкт-Петербургтегі И.Е.Репин атындағы Өнер академиясы музейінде Сергей Калмыков шығармашылығына арналған экспозициялар өтті. 2023 жылы біздің музейде И.Е.Репин академиясы түлектерінің дипломдық жұмыстары қойылған көрме 50 мыңнан астам көрерменді жинады. Алдағы уақытта Третьяков галереясында қазақстандық шеберлердің туындылары ұсынылады. Бұл – екі ел мәдени байланысының тағы бір биік белесі, – деді музей басшысы.
Гүлайым Жұмабекова сонымен қатар музей ісіндегі ғылыми зерттеу, кәсіби тәжірибе алмасу, озық технологиялар мен халықаралық мәдени байланыстардың маңызын атап өтті.
Мұндай байланыстар Еуразиялық мәдени кеңістікті сақтау мен дәріптеуде шешуші рөл атқарады, – деп түйіндеді.
Дөңгелек үстел аясында музей ісі, театр, кино, кітапхана және мәдени білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту жолдары қарастырылып, екі елдің мәдениет министрліктері алдағы жылдарға арналған бірлескен жобаларды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді.