Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шұғыла Өмірбекті әйелдер арасындағы күрестен U23 әлем чемпионатының жеңімпазы атануымен құттықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Президенттің құттықтау сөзін 2025 жылы 25 қазанда Ақорданың баспасөз қызметі жариялады:
"Бұл – тарихи жеңіс. Өйткені еліміз мұндай халықаралық жарыста алғаш рет алтын медаль иеленіп отыр. Әр салада өзінің табандылығымен, еңбекқорлығымен табысқа жететін жастардың өсіп келе жатқаны қуантады. Шұғыланың алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдіремін!".
Айта кетсек, әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының өкілі Шұғыла Өмірбек Сербияның Нови-Сад қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының алтын жүлдегері атанды. Отандасымыз 55 келіге дейінгі салмақта қарсылас шақ келтірмеді. Шұғыла финалда Түркия елінің өкілі Туба Демирмен алтын жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде қазақстандық балуан 12:8 есебімен басым түсті. Бұл спорт түрінен бұған дейін Қазақстан спортшыларының бір де бірі финалға да жете алмағанын баса айта кетелік.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын Республика күнімен құттықтаған болатын. Қазақстан бүгін еліміздегі жалғыз ұлттық мереке — Республика күнін тойлауда.