Жер сілкінісі мен қолайсыз ауа райы кезінде кабель желісінің үзілуінен әуежайлар жиі байланыссыз қалады.

Климаттың өзгеруі, төтенше жағдайлардың жиілеуіне байланысты халықаралық SITA Managed Satellites компаниясы Швейцарияда әлем әуежайларындағы қауіпсіздік мәселесін көтерді.

"Жақында болған жаһандық жағдайлар дәстүрлі оптикалық-талшықты және жерүсті коммуникацияның осал тұстарын көрсетіп берді. Жер сілкінісі, ауа райының күрт құбылуы, кабельдердің үзілуі көптеген әуежайларды байланыссыз қалдырғанына куә болып жүрміз. Тіпті ірі авиахабтардың өзі көп рейске қызмет көрсеткен уақыттарға негізгі сервистердің істен шығатынын жасырмайды", – делінген хабарламада.

Компания бұл ретте әуежайларды, ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуге арналған ангарларды, жүк терминалдарын цифрлық басқару үшін жаңа заманғы жерге жақын, төменгі қабатта орналасқан орбита спутниктерін қолдануды ұсынады.


Оқи отырыңыз: Әуежайда неге кейбір жолаушылардың ғана аяқ киімін шешкізіп тексереді


SITA Managed Satellites блэкаут не төтенше жағдай кезінде тұрақты байланысты қамтамасыз етіп қана қоймай, дәстүрлі коммуникация арналары істен шыққанда әуежайдың негізгі сервистерінің қалтқысыз жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Толықтай басқарылатын сервис бүгінде әлемнің 130-дан астам елінде қолжетімді.

"Жаңа заманғы спутниктік технологиялардың сапасы мен қолжетімдігі оларды нарықтағы ең тұрақты байланыс түріне айналдырып отыр. Бұл, әсіресе, әуежайлар үшін өте маңызды. Өйткені, әуежайлардың операциялық қызметі қандай жағдай болмасын, тоқтамауы керек. Біздің инновациялық шешімдер ең қиын сәттердің өзінде маңызды инфрақұрылым платформаларымен байланыста болуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті SITA коммуникация және мәліметтермен алмасу бойынша аға вице-президенті Мартин Смайли.