Ташкент қаласында Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы ұйымдастырған сауда-экономикалық миссия өтті. Бүгінде Өзбекстан аумағында 876 қазақстандық кәсіпорын жұмыс істейді. Бұл дегеніміз 270 түрлі тауар позициясы бойынша сауда айналымышамамен $500 млн-ға тең.

Миссия барысында қазақстандық кәсіпорындар өз өнімдерін таныстырып қана қоймай, құрылыс материалдары, тамақ және жеңіл өнеркәсіп, машина жасау, химия және қайта өңдеу салаларындағы өзбек әріптестерімен тікелей келіссөз жүргізді. Алаңда B2B форматындағы кездесулер ұйымдастырылып, экспорттаушылар Өзбекстанның ірі дистрибьюторларымен және сауда желілерімен байланыс орнатты.

«Ташкенттегі миссия — қазақстандық компаниялар үшін өнімін таныстырып қана қоймай, көрші елдің нарығына нақты шығуға мүмкіндік берді. Біз қатысушыларға барлық кезеңде, яғни кездесулер ұйымдастырудан бастап, аударма мен логистикалық сүйемелдеуге дейін толық қолдау көрсетеміз»,- деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Айдар Әбілдабеков.

«Бұл жай ғана делегация емес, нақты сатып алушылармен жасалған келіссөздер. Қазірдің өзінде 73,5 млн доллар көлемінде экспорттық келісімшарттарға қол қойылды. Өзбекстан нарығында қазақстанның күнбағыс майына, ет пен қантына тұрақты сұраныс бар»,- деп атап өтті QazTrade компаниясы өкілдері.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы өзара сауда көлемі тұрақты өсім көрсетіп келеді. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 30%-ға артып, $3 млрд-тан асты. Ал Қазақстан экспортының көлемі 26,7%-дан астам өсіп, $2,2 млрд-қа жуықтады.