Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы, деді президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне орай өткен шарада сөйлеген сөзінде елдегі салық реформасына қатысты пікір білдірді.
"Соңғы кезде маған жаңа Салық кодексіне қатысты көптеген өтініш келіп түсті. Мен Премьер-министрге нақты тапсырмамды бердім. Үкімет арнайы салық режимі бойынша жұмыс істейтін кәсіптердің тізімін бұрынғы қалпында қалдырды. Алдағы уақытта шағын және орта кәсіпті қолдау үшін басқа да шаралар қолданылады. Бизнес салық реформасынан зардап шекпеуге тиіс. Ондай жағдайдың алдын алу үшін Үкімет кәсіпкерлермен сындарлы диалог жүргізуі қажет. Дегенмен экономикалық реформаларды мүлде тоқтатуға болмайды, қаншалықты қиын болса да, оң өзгерістерді міндетті түрде жүзеге асыруымыз керек. Әйтпесе, бәріміз жаппай құлдырауға ұшырауымыз әбден мүмкін", – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет, бизнес және жалпы қоғам күш біріктіргенде ғана Әділетті Қазақстанды құра алатынымызға ерекше тоқталды.
"Еліміз еңсесін тіктеді, аяғына нық тұрды. Экономикада оң қарқын байқалады. Халықаралық қаржы институттары тарапынан жоғары несие рейтингін иеленуде. Экономика дамуының негізгі көрсеткіші – халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс сапасының артуы. Бұл – менің берік ұстанымым", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз:
Жасанды интеллект пен цифрлық құралдар елімізді өркендету үшін қызмет етуге тиіс – Тоқаев