Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында ел қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті сақтау – мемлекеттің тұрақтылығының басты кепілі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, Қазақстан қауіпсіз мемлекет болуы үшін қоғамда "Заң мен тәртіп" қағидаты берік орнығуы қажет.

"Қазақстан қауіпсіз ел болуы керек. Сондықтан "Заң мен тәртіп" қоғамымыздың басты қағидаты саналатын болды. Осы жұмыстың аясында жемқорлыққа қарсы күресті жалғастырып, күшейтеміз. Онсыз Әділетті Қазақстан туралы айтудың өзі қисынсыз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы соңғы бес жылда елдегі қылмыс деңгейі едәуір төмендегенін айтты. Көшедегі бұзақылық пен тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері азайған. Сонымен қатар Қазақстанның бұл бағыттағы тәжірибесіне халықаралық сарапшылар да ерекше қызығушылық танытып отыр.

"Түптеп келгенде, "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы – еліміздің жарқын болашағын құру үшін аса маңызды тетік", – деп түйіндеді Президент өз сөзін.