Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында елдің даму жолы мен жеткен жетістіктері туралы сөз сөйледі, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мемлекет басшысы заңғар ойшыл Әбіш Кекілбаевтың "Өткеннен тағылым, ертеңнен үміт іздегендер ғана ілгері баса алады" деген сөзін еске алып, ұлт тарихында еңбегі сіңген қайраткерлердің есімі әрдайым құрметпен аталып, ұмытылмайтынын атап өтті.
"Біз әр кезеңде ел дамуына үлес қосқан мемлекет және қоғам қайраткерлеріне құрмет көрсетеміз. Сонымен бірге келешекке зор сеніммен қарап, биік мақсаттарға ұмтыламыз", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің егемендік алған жылдардағы басты жетістіктеріне тоқталып, Қазақстанның әлемге танылған, шекарасы шегенделген, бірлігі бекем мемлекетке айналғанын айтты.
"Біз өткеннен сабақ алып, ешкімге жалтақтамай, өз жолымызбен жүріп келеміз", – деді Мемлекет басшысы.
Президент соңғы жылдары халықтың әл-ауқатын арттыру мен елді жаңғырту бағытында атқарылған ірі реформаларды атап өтті. Оның ішінде 2019 жылдан бері жүргізілген саяси және экономикалық өзгерістер, Конституцияға енгізілген түзетулер, Парламент пен Үкіметтің өкілеттігін кеңейту, Конституциялық соттың құрылуы және Кассациялық сот жүйесінің іске қосылуы бар.
"Бұл реформалар қоғамда әділеттілікті күшейтіп, Қазақстанды жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік берді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.