Республика күні қарсаңында елімізде жаппай жеңілдіктер науқаны басталды. 24-27 қазан аралығында қазақстандықтар азық-түлік пен тұрмыстық тауарларды 10%-дан 70%-ға дейін төмендетілген бағамен сатып ала алады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Сауда министрлігінің мәліметінше, Republic Day атты республикалық акция аясында жеңілдіктер дәстүрлі дүкендерде де, онлайн-платформаларда да қолжетімді болады. Науқанға 200-ден астам сауда желісі мен маркетплейстер қатысуда. Сонымен қатар, кейбір банктік қосымшаларда FMFEST промокодын енгізгендерге 10 мың теңге көлемінде бонус беріледі.
Бұл шара 25 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтіп жатқан Береке Fest республикалық акциясының жалғасы болмақ. Ал 25-27 қазан күндері Алматыда Республика күнінің 35 жылдығына арналған кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді. Онда қала тұрғындары мен қонақтары жергілікті өнімдерді төмендетілген бағамен сатып ала алады.