Былтыр Талғарда кісі қолынан мерт болған 16 жастағы Шерзат Болаттың ата-анасы жаңа баспанаға ие болды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев Instagram желісіндегі парақшасында мәлім етті.

Заңгер марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубайдың жаңа шаңырағында болып қайтты.

"Қаржаубай отбасы халыққа алғысын білдірді.

Әуелі Алланың одан кейін Асқар, Асхат бауырларымыздың жомарттығының, Алматы облысы әкімдігінің қадағалап, жұмыла көрсеткен бірлігінің және қарапайым халықтың дұғасының арқасында Қаржаубай отбасына қуаныш сыйлай алдық деп ойлаймын. Қаржаубайдың бауыры Перизатқа да Алла разы болсын!

Гүлбарам ханымның жүзінен куанышпен күлкі көру біз үшін сол күні бақыт болды!

Осы қуаныштың орнауына тілектес болған барлық адамдарға Қаржаубай отбасының және өз атымнан алғыс білдіремін", — деп жазды заңгер парақшасында.

Заңгер ендігі кезекте жаңа үйге бейнекамера орнатуды ойластырып жатқанын айтты.

"Қолдаушыларымыздың арасында бейнекамера сататын жомарт жандар барма? Маған енді бұл отбасының қауіпсіздігі маңызды", — дейді заңгер Мейірман Шекеев.

Еске сала кетейік, Шерзат Болаттың үйі өткен жылдың 12 қазанында өртеніп кеткен еді. Полиция бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғаған болатын.

Алайда биыл тамызда Шерзат Болаттың үйіндегі өрт фактісі бойынша тергеу жұмыстары тоқтатылғаны белгілі болды.

Артынша заңгер Мейірман Шекеев Шерзат Болаттың отбасына жаңа баспана берілетінін мәлімдеген еді.

Ал Шерзат Болаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов сотталғандардан түсетін қаржылай өтемақыны балалар үйіне беруге ниеттеніп отырғанын жеткізді.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз